12.08.2022
  94


Автор: Альберт Лиханов

ЖЕКСЕНБIЛIК

Атамның балалардың арбасын сүйреткені жай нәрсе екен, аяқ астынан қоймашы болып шыға келгенін қайтерсіз! Бұл жаңалықты алғаш естігенде ызадан жылап та жібердім. Ал, саған керек болса генерал! Масқара-ай, десейші...
Алдымен жексенбілік болған еді.
Қыс келіп, поселкамыз қармен тұмшаланған кез болатын. Үлпілдеген, мамық қармен, кешкілік, күн тайгаға иек артқан кезде қар беті қызғылт түске боялып, алқызыл жақұттай ойнайды дейсіз. Сонан соң жасыл түске, көк түске малынады, оның соңынан қара бояуға боялады.
Біздің жерде қараңғы бірден түседі. Күні еңкейді дегенше түн де шымылдығын түсіріп үлгереді. Соқыр қараңғылық. Тек шам жарығы түскен жерлерде ғана қар ұшқын атып жылтылдайды. Жоғарыдан қараған тіпті қызық шығар-ау. Биікте тұрған кісіге айнала қараңғылықтың ортасынан жалт-жұлт еткен дөңгелек сәуле ғана көрінетін болар. Жел тұрған кездерде баған басындағы электр шамдары ырғалып, онымен бірге жаңағы жарқылдаған дөңгелек сәулелер де қозғалақтар еді, аспан мен жердің арасында ұйыған мынау қараңғылықты тілгілеп, ғажайып ұшқыш тәрелкелер зымырап жүргендей көрінер еді.

Қыс кезіндегі біздің жердің әдемілігі ерекше, ормандар қарға бөгіп, өзендер аспанға бу атады. Қатты аяз болған кездерде қарағай діңінің жарықшағына сіңген су мұзға айналып, ағаштарды жиі жаратындықтан орман ішінде өзгеше бір шарт-шұрт дыбыс естілер еді.
Қыс сұлулығы ерек қой, бірақ менің оған қарап жүрер шамам қайсы. Ішіме әлде не кіріп алып, өкпе-бауырымды осқылай тырнап жатқандай. Оның қандай дерт екенін мойындауға батылым жетпесе де өзіме белгілі, сәл нәрсеге қырсығып күйгелектене беремін, көңіл-қошым да іске алғысыз, содан да ма, өмірдің де қызығы азайғандай.
Дәл жаңа жылдың алдында маған Галя келіп:
– Демалыс күні жалпыға бірдей жексенбілік! Сен үшін алғашқы сын! Ұятқа қалдырмассың! – дегенді айтты.
Түк те қуанғаным жоқ. Бүкіл сыныпты уысымда ұстауды армандап едім, енді қазір оған да құлқым қалмағандай. Өкінетін сияқтымын. Сол бір ақымақкершілік ой келмегенде, Газ Баллонын «американкаға» «сатып алмағанымда» барлығы да жақсы болатын еді ғой. Кешкамен де бұрынғыдай достасып жүретін едім, Алька казіргідей маған қырын қарамаған болар еді. Бірақ не істеу керек? Шегінер жер жоқ...
...Ұйыған қараңғылық. Шамдар жерге нұрын құяды. Бүкіл поселка дырдулы. Бағандар басындағы радиолардан көңілді марш төгіледі. Алыстағы плотина жақтан үрмелі аспаптар оркестірінің үні күмпілдейді. Өкіре күжілдеген жүк машиналарына адамдар тиеліп жатыр. Жерге жарық түсе дәл бір мерекедегідей қызыл тулар желбіреп, транспаранттар от болып жанады.
Біздің мектеп оқушыларына бір бос алаңды тазалау жұмысы тапсырылған. Несі бар, қиын шаруа емес. Мұғалімдер қолдарына сүймен ұстаса, біз күрекпен қар тазалаймыз. Бульдозерлер көмектесіп жүр. Айта қалардай аяз да жоқ. Дем алуға жеңіл. Көңілді! Тамаша!
Мен өз жанымды қинап жүрген жайды да ұмыта бастадым. Қарды күрегіммен серпе лақтырып жүрмін, ешкімге де әкімшілік көрсеткем жоқ. Ондай әкімшілік ойыма да келген жоқ.
Бәрімізді басқарып жүрген Баллонның әкесі. Түрі Киряға тіпті ұқсамайды.
Төртбақ емес, қалыпты ғана адам.
Ол бульдозермен алаңның бетін тегістейді. Барлығымыздың да жұмысымыз сол бульдозердің төңірегінде. Егер бір ауырлау томар бірдеңе кездессе, бульдозер келіп кемектесіп жібереді. Бульдозер томар түбірлерді қопарып, бетон тіреулерді жылжытады. Сол кезде трактор мұржа-құбырынан қара түтінін сақиналап аспанға лақтырады.
Менің қасымда жұмыс істеп жүрген Галя мен Егоровқа қараудың өзі бір қызық. Борис біресе Галяның қолынан ұстап, біресе жұмысын тоқтата салып, сиқырланған адамдай одан көзін алмай тесірейеді, басқа біреуге назар аударғанын байқау қиын. Галя болса сасқалақтап қолын жұлқа тартып алады да оған жұмыс істе деп бұйрық береді. Егоров бір шұлғып алады да сүйменмен мұзды ояды дейсіз. – Тек мұз жарқыншақтарының ұшып жатқанын ғана көресіз.
Газ Баллоны да осы маңда. Қыздармен қалжыңдасады, біресе ән бастайды.
Көңіл-күйім жақсы болғандықтан мен де оған бір түрлі кешіріммен қараймын.
Сол кезде атам көріне қалсын. Ол да басқалар сияқты кеудеше киіп алыпты.
Басында әкемнің малақайы, қолында ит терісінен тігілген қолғап.
Атам отрядыма жақындаған сайын менің көтеріңкі көңіл-күйім де бірте-бірте жоғала бастағандай. Жоқ, дәл осы бір сәтті мен былайша елестетіп көрген емеспін. Ордендерін тізілдіріп, алтын оқаларын жарқылдатып генерал киімін киген атам келе жатса, естерінен тана жаздаған балалар таңырқана тамсанысса... Ал, қазір ше, қонышы қайырылған пимасын тырп-тырп басып, иығына көтерген сүймен темірдің ауырлығынан бір жағына сәл қисайып алған шүйкедей шал, тіпті генерал деуге ауыз бармайтын адам келе жатыр еді.

— Қал қалай? – дейді атам маған балаларды жанарымен сүзіп шыққан соң. Бір жақсысы балалар оған көңіл аударған жоқ. Тек Газ Баллоны ғана әр уақыттағыдай даяр тұр екен. Құлағын түріп, атамды көзімен ішіп-жеп барады.
— Жаман емес, – деймін мен көңілсіздеу жауап беріп. – Жұмыс істеп жатырмыз.
— Жарайды, – деді ол басын изеп, – мені тосып тұрған шығар, кеттім...
Ол қар басқан алаңмен ілгері қарай аяңдап бара жатты. Ал Газ Баллоны мені көзімен ішіп-жеп барады.
— Соның өзі ме? – Пухов кекесін үн тастады. – Генерал ма?
Адамның кей кезде ақтала алмастай кезі болады ғой. Ондай кездерінде істің мән-жайын түсіндіру де оңай емес. Қазіргі менің де жағдайым дәл сондай. Иығымды қиқаң еткіздім де, дүңк ете қалдым:
— Тапқан екенсің!
Сөйткенше бетім ду ете қалды. Ал саған керек болса! Өзімнің туған атамнан бас тартыппын! Сол жерде, жолың болмағыр, Галя маған көңілдене қол бұлғап, барлық алаңдағыларға естірте айқай салмасы бар ма:
— Рыбаков! Антоша! Сенің атаң осы кісі ме?
Менің бетім одан ары өртене түсті. Ал халайық болса күректерін тастай салып, дәл бір базарда тұрғандай атам кеткен жаққа қарап қойысып, оны талқыға салсын-ай келіп.
«Мүмкін емес!..» «Осындай генералды көрсемші!» Қыздардың тобынан әлде біреуі жырқылдап күлді: «Жұдырықтай ғана кісі ғой тіпті!»
Қанымның қайнағаны сонша шеке тамырым солқылдап, көз алдым қарауытты. Әй, қараңғы халық-ай! Бірдеңе түсінсе етті! Оның үстіне өзім де... Ішімде дауыл ма, әлде циклон, самум, цунами ма, әйтеуір бір буырқаныс пайда болғандай. Мынау ызаға шыдай алмағандықтан жүзім оѓған шүберектей аппақ болып кетсем керек. Менің мынау алапат ашу үстінде бәрінің быт-шытын шығарып, бәрінің аузына қақпақ қойғым келді. Осы кезде өзімнің, әкімшілік қызметім ойға орала кетсін. «Бұл не деген сұмдық,
– деген ой келді, – бұлар председательді мазақ еткісі келген екен». Жынданған адамдай бар дауысыммен баж ете қалайын.
— Әй, кәне, ауыздарыңды түгел жабыңдар!
Тып-тыныш бола қалды. Альканың көп мағыналы үні ғана тыныштықты бұзды:
— Қар-рай көр!
«Тостағымды» ағыл да тегіл жууға даяр едім, бірақ дәл қазір не істеу керектігін білмедім. Менің сол кездегі келбетім дәлдірге, есерсоққа көбірек ұқсаса керек: жұдырығым түйіліп, ернім жымқырылды, қолым да дір-дір етеді.
Сол кезде Газ Баллоны тірілсін. Домаланып атамның соңынан қуып берсін. Менің атам тоқтап, оған басын изегенін, бізге алыстан қарап бірдеңе дегенін, содан кейін әрі қарай жүріп кеткенін – бәрін көріп тұрмын. Кирилл болса бізге қарай ұшырта жөнелді. Ол жүгіріп келе жатып екпінін баяулатты да, бірте-бірте аяңға түсіп, маған бетпе-бет келіп тоқтады да былай деді:
— Қане, «американканы» бері қарай қуып қой!
Өңім мынау қардан да аппақ болып кетсе керек, ал Газ Баллоны болса бүкіл сыныпқа қарап, айғайлап қоя берсін:
— Бұл өзінің атасынан бас тартты. Бірақ жаңағы кісі осының атасы. Тек, ешқандай да генерал емес, қарапайым ғана пенсионер. Өзі айтты.
Ұялас қырық қасқырдай болып бүкіл сынып жан-жағымнан анталасын. Дәл бір шыбын-шіркейге үлкейткіш шынымен қарағандай жабыла келіп үңілісті. Қарша жауған пулемет оғының астында тұрғандаймын, өңменімнен өткізе жанарларымен атқыласын- ай кеп. Маған деген «оғын» Алька да аяған жоқ. Сот атаулылардың көздерінің қандай болатыны маған беймәлім, дәу де болса дәл осы Альканың көзіндей болатын шығар. Тым суық та, паң қарайды. Тамағыма әлде не келіп тірелуі мұң екен, төзімім жыртылып жүре берді. Әдеттен тыс бір жуан дауыспен бакырып коя берейін, – күректі лақтырып жібердім де, күртік қарды зар еңіретіп үйге қарай тайып тұрдым.
Ізімді қуалай Галяның даусы естілді: «Рыбаков, қане қайт кейін!» Егоровтың да даусы естілді, бірақ мен мойнымды да бұрғам жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу