12.08.2022
  83


Автор: Альберт Лиханов

АННА РОБЕРТОВНА

Атамның мінезі ерекше өзгеріп кеткен сияқты. Мүмкін, мүмкін емес-ау, бұған өзім кінәлімін. Анна Робертовнаға байланысты ойлап тапқанымды айтудың қажеті жоқ- ақ еді, онда сөзсіз бәрі де қаз қалпында болар еді.
Бірақ кім біледі... Өздері-ақ көшеде ме, бір жерде жолығысып, менің көмегімсіз- ақ білісер еді ғой.
Қысқасы, мәселе былай болған. Бір жолы француз тілін үйренуге келейін. Анна Робертовнаның есігі жабық тұр екен. Құлыптаусыз, жай жауып қойған. Кіріп шешінейін. Бөлмеде бір дауыс естілгендей, бірақ менің ойыма дәнеме келсейші. Көршілерінің келіп, әңгімелесіп отыруы мүмкін ғой. Болмаса, мүлде басқа біреу. Сол кезде әлдекім әндетіп қоя берсін. Анна Робертовна. Бөлменің есігін ашқан бойда өз

көзіме өзім сенбей қаттым да қалдым.
Жазылып қойылған диванда үш жастық жатыр. Және шиыршықталып үш көрпе жатыр. Анна Робертовна дәл абажурдың астына, бөлменің ортасына тұрып алыпты. Басымен абажурдың шашағын дірілдетіп қойып, өзімен өзі болып тұр. Еті қашқан қолымен өзіне өзі дирижер болып, билеп қойып, әндетеді:
Ше-шек ат-ты ақ гүл-де-рім Хош иіс ша-шып, бақ-шам-нан, Махаб-бат-шыл пәк күндерім
Кінә-рәтті жүре-гім-де сақ-тал-ған!
Мен бөлменің ішіне көз салдым, кімге арнап айтып тұр деймін. Өз-өзіне айтып тұрғаннан сау ма? Жоқ олай емес екен. Оның алдында, үйдің қабырғасына арқаларын сүйеп қойып, үш балдырған дәрет ыдыстарына іш етіп отыр. Шаштарының ұйпаланғанына қарағанда ұйқыдан жаңа ғана тұрған сияқты. Анна Робертовнаға қарап, жымың-жымың күліседі. Үн жоқ. Шамасы ән ұнаса керек.
Мен өз-өзіме келдім де:
– Бонжур, Анна Робертовна! – дедім.
— Ох! – деді ол селк етіп, – осынша қорқытарсың ба, Антоша!
Балалар бір-бір қарасып алысты да орындарынан ұшып тұрысып, зыта жөнелісті, құрылысшылардың балалары болса керек, тым пысық-ширақ өздері. Анна Робертовна оларға ұмтылды. Оған көмектесіп, балаларды ұстап, жөнге келтірісуіме тура келді. Мұндай іспен айналысамын деп еш уақытта ойламап едім. Анна Робертовна терлеп кетіпті. Тер моншақтары бетінен домалайды,
— Ме шер енфант! – дейді ол дауыстай сөйлеп. Менің қымбатты, балақандарым, дегені ғой.
Бірақ «енфанттарының» тыңдай қояр түрлері жоқ, береке-бірліктері жоқ көрермен екендері көрініп тұр. Бірі бақыра жөнелсе, енді бірі еденге сұлай кетті, ал үшіншісі дивандағы көрпені тартқылай бастады.
— Мен бұларды, – деді Анна Робертовна ақталғандай, – есіңде болар, сенің мамаңның ақылы бойынша бағып жүр едім. Өзімнің немерем болғанға дейін дегенім ғой. Сөйтіп өз үйімізде тұратын үш жас келіншектің жұмысқа баруларына мүмкіндік жасап едім. Бірақ, бұларға қалай ие боларымды білмеймін. Мүмкін, көбірек қамтып қойған шығармын. Мүмкін, екеуін ғана алу қажет пе еді?
Анна Робертовна өз қызығымен қызара бөртіп алыпты, беті алаулап кеткен, көзілдіріктің ар жағынан жарқыраған жанарын машинаның фары дерсіз.
— Антоша! – деп дауыстады ол, – сендерде осыған байланысты ақыл-кеңес беретін кітап жоқ па? Мүмкін мамаңда сақталып қалғандары бар шығар? Сенің кішкене күніңде пайдаланғандары деймін де.
Мен ондай кітаптар болса қарастырып көруге сөз бердім. Ертең табыла қалса әкеліп бермекпін. Шамасы француз тілін үйрену мәселесі тығырыққа тірелген сияқты. Тіпті біржола болмасын деп қорқамын. Анна Робертовнаның төп пісіруіне көмектестім. Көген көздеріне қасықпен жегізуге де септігімді тигіздім. Іштәндерін жуып, батареяға жайдым.
Анна Робертовнаны ұяты қинаса керек, менімен іштәндар мен төп жайлы французша түсінісуге тырысты. Мен болсам қасақана айтқандарын ұқпай, французша сауалдар қоямын:
– Кес-ке се? – Ол не деген сөз?
Сонан соң ол жаңағы сөзін орысша аударып, не істеу керектігін түсіндіреді. Мен кетер кезде балақандар да тыныштала бастаған. Диванға жайғасып алысып, ойынға кірісті. Анна Робертовна бөлменің ортасына тағы да тұрып алып, қолдарын сермеп қойып, әндете бастады. Мен бөлмеге қайтадан басымды сұқтым-дағы пайдалы кеңес ұсындым:
— Оларға керегі ол емес-ау!

— Онда қандай өлең айтуым керек? – Анна Робертовнаның үні жарқын щықты.
— Тәрбиелік мәні бар, педагогикалық бірдеңе болса. Айталық, «Орманда бір балдырған шырша болыпты» дегенді. Болмаса «Торғай-торғайды» айтуға болады, Сөйдедім де әндете жөнелдім:
«Торғай-торғай, қайда болдың? Құстарменен тойда болдым.
Арақ ішіп масайрадық, Барады енді бас айналып»...
Бұл жартылай жалаңаш данышпандар өлеңнің сөзін ұқпаса да мәнін аздап түсінсе керек, бәрі қосыла күлісті. Ал Анна Робертовна соншама бір таңырқағандай көзілдірігінің астынан үңірейе қарады.
— О-го, Антошканы қарай гөр, – деп тамсанды.
— О-го емес, ага деу керек, – деп әзіл айттым. «Ага» дегеніңіз кейбір тілдерде мағынасы бар сөз, ал «о-го»-ңыздың ешқандай мәні жоқ.
Үйге қарай далбаңдай ұша жөнелейін. Келген бетте ентігімді басып үлгірмей-ақ атама көргенімді баяндадым. Бірақ ол күлген жоқ. Басын шайқады да қойды.
— Қарай көр, Анна Робертовнаны, – деді ол. – Мықты екен. Содан кейін кеш бойы үн қатқан жоқ.
Бір күннен, әлде екі күннен кейін бе, көшеден бір таңқаларлық жайды көрдім. Балалардың арбасын жетелеген Анна Робертовна көшеде кетіп барады екен.
Мәселе Анна Робертовнаның көшеде кетіп бара жатуында емес, мәселе оның қасында өзінің сұр пальтосын киген атамның кетіп бара жатқанында еді. Ал ол болса балалардың екі бірдей арбасымен әуреге түсіп бара жатыр екен. Айтуға болмаса, бұл бір оңай шаруа дейсіз бе? Екі арбаны қатар алып жүремін деп барын салып-ақ барады, бірақ сол үшін сәл болса да ренжитін атам көрінбейді. Қайта керісінше мәз болып, жетісіп барады.
Көшеде кетіп бара жатқандардың бәрі осынау кісі күлерлік жұпқа таңырқаса қарайды. Жұрт жұмысынан қайтқан дәл бір қарбалас шақ еді, өткіншілердің бірі бастарын шайқаса, енді бірі күліп өтеді, енді біреулері «түсінбедім» дегендей иықтарын қиқаңдатады.
Ал мен ше? Атам үшін жерге кіріп барамын. Генерал деген дардай аты бола тұрып, балалардың арбасын қосақтап итергеннен ұялсашы деп ойлаймын! Ана бір жолы балаларды үйге ертіп барғанда оларға кездеспей қалғанының өзі абырой болыпты-ау, егер танитын болса, мұндай генералды күлкі ғып мәз болысатын еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу