12.08.2022
  71


Автор: Альберт Лиханов

ҚАСКӨЙ ӘЗӘЗІЛ

«Қаскей әзәзіл» – осындай ұғым бар.
Мен ол туралы ойласам-ақ көз алдыма адам кейіптес, тұла бойын түк басқан бір бәле елестейді. Жарғанатқа ұқсас дүр-р-р еткізіп ұша жөнелер жарғақ қанаты болады екен деймін. Мен оны қолмен қойғандай суреттеп отырғанмен еш уақытта ол көзге көрінбейді. Әзәзілдің ауада ұшып жүруі де мүмкін, ондайда өзіңнен синтетика көйлекті шешкен кезде шытырлап ұшқын ұшады ғой, тура сол сияқты, оның қанаттарынан да от шашыраса керек. Ол кесіріңіздің кез-келген адамның біріне қонып алып, одан айрылмауы да мүмкін, таныс достарыңның бірін иектесе немесе өзіңе келіп жармаса кетсе құрығаным дей бер. Алға басқан қадамың кері кетіп, өмірде бола бермейтін, айтып түсіндіре алмайтын кесірге душар болғаның.
Ол күні таңертең күндегідей ерте оянғанмын. Ешқандай да Қаскөй Әзәзіл туралы ойлаған жоқпын. Мектепке келгенде де портфелімді партаның астына сүңгітіп жібере салып, Кешкамен әлде не туралы сөйлестім-ау деймін, қысқасы күндегіден айырмашылығы жоқ тіршілік.
Дәл сол кезде...
Есікті серпе ашты да сыныптың табалдырығынан бері қарай сирек-сирек ит тістерін көрсете ыржалаңдап Қаскөй Әзәзілдің шыға келмесі бар ма. Портфелін басымыздан асыра лақтырды да айқайласын келіп:
— Ей, маубастар, кеше менің кімді көргенімді білесіңдер ме? Генералды көрдім!
— Түсіңде ме? – дейді Кешка.
Бүкіл сыныптың назары Кешкаға ауды.
— Жоқ, – деді ол ерекше бір маңғаз үнмен. – Жатар алдында аздап серуендемек болып көшеге шығып едім, қарсы алдымда генерал келе жатыр. Погонында бармақ басындай қос жұлдыз! Шалбарының қызыл жолағына дейін анық көрінді.
— Міне саған барон керек болса! – Кешка таңдана сөйледі.
— Қайдағы баронды айтасың? – дейді ештеңенің мәнісін түсінбеген Қаскөй Әзәзіл.


— Мюнхаузенді айтамын, – дейді Кешка. Бүкіл сынып күлкіге көмілді. 
Соқтырып жіберетін өтірігі үшін, ойдан шығаратын қисынсыз әңгімелері үшін олар, Қаскөй Әзәзілді күлкі қылатын. Мен де оны үнемі мазақ етемін. Бірақ бұл жолы бір түрлі жүрегім сыздағандай. Біздің Қаскей Әзәзіл деп жүргеніміз, балалар кейде Газ Баллоны деп те атай беретін, Кирилл Пухов бұл жолы шындығын айтып тұр еді.
Ортамыздағы ең кеспелтек жуан денелі Пуховқа балалар күлген сайын ол байғұс көзін алақтатып, бұл жолы титтей өтірік айтпағанына ант-су ішіп әуре. Бүкіл сыныпқа деген реніштен бе, әйтеуір екі бетім дуылдап сала берді.
— Доғарыңдар мынау ессіз күлкілеріңді! – дедім бар даусыммен. – Ол генералдарың – менің атам.
Сол кезде Газ Баллоны қорсылдап қоя берсін. Оның күлген түрі сол. Жөні түзу адамның күлкісіне ұқсамайды. Ол күлем деп қорсылдай жөнелгенде басқалар оның күлкісіне мәз болысатын. Бүкіл сыныптың тығыны тағы да ағытылды. Мүмкін олар Баллонның күлкісіне ыржалаңдап отырған шығар, бірақ олар маған күлгендей боп көрінді.
Менің бетім енді өрт болып жана бастады. Оны айтсаң, жанарыма жас толды. Ал керек болса. Сюрприздің көкесі енді болды. Мен өзімше оларға сюрприз жасамақ едім. Оларға атам жайлы бар сырды ақтармақ болатынмын. Тым болмаса, Кешкаға айтсам ба деп едім. Тістеніп әрең отырмын. Көрдің бе, кейде мәселенің қалай өзгеріп кететінін. Мен өзімше бір тамаша жаңалық жасамақшы едім, оның түрі мынандай болып шықты... Атама генерал киімін кигізіп алып мектепке әкелсем, сөйтіп балалар аузын ашып, көзін жұмса дегенмін. Менің ол тіршілігім – орсақ тіс Кирилл Пуховтың көп өтірігінің біріне баланып кете барды.
Кешка менің бүйірімнен шынтағымен бір нұқып қалды да бұрқылдай сөйледі.
— Бұл не істеп жүргенің?
Ызадан күйіп кеттім. Намысым өртеп бара жатқандай. Қаскөй Әзәзіл дәл осы сәтте мені бір түртіп қалған соң, күйіп кетіп, Газ Баллонына булыға тіл қаттым:
— Бәс!
— Байқа, Асунта, жеңіліп қалма! – дейді Пухов.

Букіл сынып тағы да күлкіге көмілді.
— Есіңде болсын, мен сенің «американкаңа» ғана бәстесемін, – дедім шыдамсыздана үн қатып. Иә, иә, кідірместен үйге қарай зымырай жөнелу керек. Атамды осында ертіп келу қажет... Жо-жоқ, бұл ыңғайсыз болады... Ренжітіп алармын... Онда...
Сенбейтіндердің бәрін де шұбыртып үйге ертіп бару керек. Сонан соң мундирін кигізіп атамды балконға шығарса болғаны.
Мен сабақ біткенше сабырымнан айырылып біттім. Әр үзіліс сайын қызыққұмарлар біресе маған, біресе Пуховқа барып, сыбырласады. Біреуге барып сыбырлай салу оңай, олардың бізден қандай сөзді дәмететіні белгілі. Олар «Әй, қойыңдаршы, жәй қалжыңдай салып едім» дегеніңді күтетіндей. Олар жанымызға жақындаған сайын Кирилл екеуміз де үрлеген қарындай күмпиісіп, сырт берісеміз.
Әйтеуір ақыры қоңырау да тіл қатты-ау. Бір шама тобыр жиналып қалды. Бір сынып түгел десе болғандай. Пухов екеуіміз жекпе-жекке шығатын адамдардай алға түсіп алып, қатар адымдап келеміз. Ізімізді баса менің секундантым Кешка келеді. Одан кейінгілері – қызыққұмарлар. Олардың ортасынан Альканың жасыл бас киімі мен мұндалайды.
Алька дейтін біздің сыныптағы қыздарымыздың бірі. Ешкімге кіріптарлығы да, қатысы да жоқ адам. Егер балаларға бір нәрсе, айталық, бір фильм ұнаса Альканың оны ұнатпай қалуы әбден мүмкін. Ол оны жасырмайды да. Жұрт сияқты өтірік тәлімсу дегенді білмейді. ІІІындығын айтып тастап, қарап тұрады. Басқа қыздар жұрттың ауанынан көп шыға қоймайды. Олардың қай уақытта да пікірлері бір жерден шығып жатады. Біреуі бір әнді немесе бір артисті жақсы көрсе, басқасы да соны жақсы көрген болып шыға келеді. Олар өздерін бірауыздымыз десіп мақтанса, мен бірбеткей Альканы ұнатамын... Оның мінезі өте жұмсақ, жайдары болса да мен Альканы еркөңіл қыз деп санаймын. Сонан соң Альканың бұрымын айтсаңшы. Сыныбымыздағы ең жуан да жарасымды бұрым сонда деуге болады. Әлгі өзім айта беретін суреттегі әжемнің жас кезіндегі бұрымы сияқты. Бірақ бұл мәселенің біздің әңгімемізге түк қатысы жоқ.
Бұл жердегі әңгіменің түйіні Альканың бізбен бірге келе жатуында ғана. Оның жасыл бас киімі мен мұндалайды. Сол кезде Кирилл Пуховқа бірер сәтке жаным ашитын сияқты. Оның «американканы» ұтылғаны сөзсіз еді. Иә, байғұс Газ Баллонының ұтылатыны анық еді. Ал Альканың менің атамды көретінінің өзі көңілге қуаныш ұялатады.
Беймәлім бір күйдің құшағында келемін. Дәл қазір бір сабақтан бестік алатыныма жүз процент сенетін сияқтымын. Балалар үйдің жанына келіп кідірді, мен болсам басқыштан екі-үш аттап есіктің жанына жеттім де қоңырауды ұзақ безілдеттім. Сонан соң есікті өз кілтіммен аштым да үйді, бөлмелерді, ваннаны тінтіп шықтым.
Атам жоқ.
Не істеу керек? Міне масқара...
«Тосайық» деп айту қажет пе? Ақымақтарды тапқан екенсің деп күлкіге көміп тайып тұрар.
Осы жерде басыма бір данышпандық идея қона кетті.
Пальтомды сыпырып тастап шкафты аштым, ордендері тағылған атамның мүндирін суырып алдым да жеңін қайырып жіберіп киіп алдым. Алтын оқалы генерал фуражкасын шекеме милықтата қондырып, балконға шығайын.
Таңырқау мен қуанышқа бөгіп маған үңіле қарасқан жанарларды көрдім. Қөзіммен тінтіп, Альканың жасыл бас киімін іздеп тауып алдым да тек сонын өзіне ғана бағыштап арнайы жымидым. Сөйттім де фельдмаршал Кутузовқа ұқсап қолымды алға создым, мундирдің өзі маған арнап тігілгендей дәп-дәл және кеудемдегі ордендер салтанатты жағдайда өзіме табысталған наградалар сынды, басқасын қойғанда генерал- лейтенант дегеніңіз осы тұрған дөдеңнің өзі сияқты болып керініп кетті.
Қаскөй Әзәзіл – Кирилл Пуховтың есі шыға ыржияды.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу