12.08.2022
  122


Автор: Альберт Лиханов

ЖҰМЫС

Атам келгенше папам да жұмыстан қайтқан.
— Ох, бүгін генаралға айтар ғажап жаңалығым бар! – Ол қуана үн қатты. Бірақ біз қалай сұрап, қалай өтінсек те ол ештеңесін айтпай қойды.
Атам қызара бөртіп көңілді оралды, шинелін шешіп үлгергенше-ақ оның сергіп қайтқан сыңайы танылғандай,
— Таудың басына шықтым, – деді ол, – сендердің кұрылыстарыңды көрейін деп едім, өкпек жел өңменіңнен өтердей екен!
Өзі ерекше көңілді. Қолдарын үрлеп, жылыта жүріп әңгімесін жалғастырды:
— Бұл құрылысыңыздың кереметтігін айтамын-ау! Крандар мен машиналарда қисап жоқ! Өзеннен көтерілген будың өзін ұрыс даласындағы түтінге ұқсатуға боларлықтай.
— Енді қалай деп едіңіз! – Әкем қуанып қалды, атамды өз қасына отырғызды да, шкафтан құрылыс картасын алып шықты. – Мынаны қараңызшы. Ауқымы ат шаптырым емес пе. Плотина өзенді ауыздықтаған кезде жүз елу мың гектар жерге су жайылады.
Қазір ол жерлердегі ну болып өскен орманның ағаштарын кесетін арнаулы орман өндірісі шаруашылықтары ұйымдастырылып отыр.
Папамның қасына келіп отырған мамам оның сөзін бөліп:

— Антон Петрович, елді мекендер жаңа коныстарға көшірілетін болады. Мындаған жаңа тұрғын үйлерді салу қажет. Міне, мына жерден жоғары қуатты электр торабы тартылады. Ал мына жерінен темір жол, мына жерінен тас жол салынады.
— Ал бізге келетін кісілердің санында қисап жоқ! – деді әкем тамсана сөйлеп.
– Құрылысымызда әзірге он мың адам жұмыс істейді. Болашақта одан да көп болмақ.
Атам сүйсіне тамсанып, басын шайқап қояды. Сонан кейін әкемнің иығына бір қолын салып қойып, мамама қарады да қулана тіл қатты.
— Ал, енді әңгімені қалай бұрып бара жатқаныңды мойындашы.
— Ешқайда да! – деді сасып қалған мамам.
— Сөзіңнің жаны бар! – дейді әкем. – Менің саған деген әдемі ұсынысым бар. Менің ғана емес, құрылыс бастығының ұсынысы. Сен туралы білген бойда-ақ біздің үйге қарай жүгірмек еді, жұмысынан шыға алмай қалды. Сөйтіп, ол сені жұмысқа келсе деген ұсыныс жасайды. Кадрлар бөлімінің бастығы болуға. Тамаша емес пе?
— Әрине! – деді де атам біраз уақыт үнсіз қалды.
— Жұмысқа келіп-кетушілер көп, – әкем қыза сөйлеп кетті. – Өзен сияқты ағып келіп, ағып кетіп жатқан біреулер. Әсіресе жастар жағы. Армиядан келіп біраз жұмыс істейді де, біраздан соң үйлеріне қарай тартып отырады. Солармен сөйлесіп, құрылыста қалулары керектігіне көздерін жеткізу қажет, қысқасы құрылысты жұмысшы кадрлармен қамтамасыз етіп отыратын өте маңызды жұмыс. Тәуекел, әке! Бізге дәл сіз сияқты адам қажет!
Атамның жанары жерге сүрініп қалыпты, ол мамам сөйлеген кезде ғана басын көтерген. Мамам оған:
— Сен өз сөзіңе өзің қарсы келіп отырсың ғой. Бірде оның дем алуы қажет десең, енді бірде оған жұмыс іздей бастайсың, – дегенді айтты.
— Жоқ-ау, мәселе онда емес қой, – деді де атам орнынан тұрып, бөлмелерді кезіп біраз жүріп кетті. Оның жүзіне қарасаңыз әбден қажып, шаршағандықтың белгісін көрер едіңіз.
— Оленька, ол менің көңілімді аулайтын жұмыс тауыпты. Екі қолым алдыма сыймай жүргенше жұмыс істеп, еңбек етуімнің керектігі рас қой.
Атам тоқтай қалды да әкеме жанарын тіктеді. Әкемнің берекесі кеткені сонша, қарындашымен үстелді тықылдатып, атамның жүзіне тіктеп карай алмады.
— Бірақ, ұлым, мен шенін бетке ұстап, той беделі болып отыратын генерал емеспін ғой, оның үстіне, менің қолымнан дұрыстап жұмыс істеудің келмейтінін өзім де білемін... Тым кештеу де сияқты...
Ол тағы да бір сәт үнсіз қалды.
— Иә, тым кеш, – деді ол жаңағы сөзін қайталап, – бәрін де қайтадан бастау
қажет.
Папам құрылыс қартасын орнына қойды да атама қарап жымиды: «Әрине,
бармаймын десеңіз зорлық жоқ». Ал мамам тағы да атамды жақтап шықты: «Дұрыс айтасыз, Антон Петрович, дем алуыңыз керек, жұмыс шіркінді бір кісідей-ақ істедіңіз емес пе!» Бірақ атамның осыдан кейін бір түрлі ойсоқты болып қалғанын мен жақсы түсіндім.
...Қараңғы үйде екеуіміз де ұйықтай алмай дөңбекшумен жатырмыз. Науқастанып қалуыма байланысты мен диванға, атам менің жиналма төсегіме жайғасқанбыз. Атам жатқан жайылма төсек ауық-ауық сықырлады. Ой теңізінен малтығып шыға алмай жатыр-ау...
— Той беделі болып отыратын генерал дегеніңізді қалай ұғуға болады? – деймін мен атама.
— Сен де ұйықтай алмай жатырсың ба?
– Иә, – деп сыбырлаймын.
— Бұл өте жаман атақ, Антошка! Айталық, үйлену тойына генералды да шақырады. Той салтанатын арттыру үшін, соңынан жұрт: «Той деп осыны айт, генерал да қатысты» деу үшін әдейі шақырады. Генерал болса бұл тойға ешқандай қатысы жоқ, үйленгендердің туғаны да туысқаны да емес. Мен дәл сондай генерал болғым келмейді.
Екеуміз тағы да үнсіз қалдық.
— Тойдың жөні бір басқа емес пе!
– Еш уақытта да шеніңді бет жүздік етуге болмайды, – дейді атам сенімді үнмен,
– еш уақытта! Егер ұғар болсаң, иә жұрт сияқты жұмыс істеу керек те, иә...
Мен күрсіндім. Атам да күрсінді.
— Қалай ойлайсың, Антошка? – дейді ол. – Папаң маған ренжіп қалған жоқ па?


— Білмеймін. Ол сізге дұрыс болсын деген шығар
— Мәселенің өзі де сонда ғой, – дейді ол, – ол мен үшін бәйек болып

жүргенде мен оның ұсынысынан бас тартып отырмын. Ештеңе етпес, ренжір де ұмытар. Ол да түсінеді ғой.
Қараңғы үйдегі оның дем алысы ауырлай түскендей сезілді.
— Ата, саған не болды? – деймін мен.
— Аздап жүрегім қысылып кеткені, – деп сыбырлайды ол. – Орныңнан ақырын тұр да, терезенің алдында тұрған дәрінің бірнеше тамшысын ыдысқа құйып әкеле қойшы. Бірақ, байқа, аяғыңды аңдып бас, әке-шешең сезіп қалып жүрмесін.
Өзіме сенім артып тапсырған шаруаны орындауды жаным жақсы көреді. Дәрінің бірнеше тамшысын ыдысқа тамыздым да үстіне аздап су құйып, атама әкеліп бердім. Ол ішті де:
— Жаңа жақсы болды, тынысым кеңіп қалды, – деді.
Атам тағы да үнсіз қалды. Ұйықтап кеткен болар деп ойладым. Көзімді жұмғаныммен атам ойымнан шығар емес. Жалпы оның бізге келгені жайлы ойладым.
Атамның үні тағы да естілді:
— Ал жарайды, суланған сейсепке оранбай-ақ мені француз тілі мұғаліміңмен таныстыруға болмайтын ба еді?
— Әрине болмады ғой, – деймін мен. – Өйткені, мен сабақ оқу үшін оның үйіне баруға тиістімін ғой. Ал, оны қайдан біле қойдың?
— Әскери құпия, – дейді ол. Бұл сөзіне бір күліп алдым да:
— Ал сенде шын әскери құпия жоқ па? – деп сұрадым. – Нағыз құпия?
– Болғанда қандай, – дейді ол баяу ғана.
– Маған айтып бересің бе? – деп сұраймын.
— Айтуға тура келеді, – дейді генерал, – құпияны о дүниеге бірге ала кетуге болмайды.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу