12.08.2022
  139


Автор: Альберт Лиханов

БАЙСАЛДЫ ӘҢГІМЕ

Біз Анна Робертовна екеуміз аз ғана уақыт сабақпен айналысқан болдық, бірақ оның ойының онға бөлініп отырғанын мен де біліп тұрмын. Ол айтқан етістіктерді өзім қалай болады деп тапсам, солайша септеп отырмын, ал ол болса «бәрі керемет дұрыс» дегендей шұлғып қояды.
Мен, әрине мұртымнан күліп қоямын. Ым-м... Оның атаммен әңгіме соққысы келіп отырғаны сөзсіз еді. Сол кезде мамамның шайы даяр болған. Мен етістіктерді септеп болғанша пісіп үлгерген тәтті нан да үстелге қойылды. Олар дастарћанды жағалай отырысқанда мен де диванда қисайып жатқан күйімде шайымды ішуге кірістім. Қанша айтқанмен науқас деген атым бар ғой.
Атам әңгіме бастайды:
— Ал, мадам, бұл жерде пенсионерлерге қалай тіршілік етуге болатындығын айта отырыңызшы? Жастардың ішінде деймін де?
— Өте қиын, – дейді Анна Робертовна. – Ескі бір романстағы: «мұң басқан, көңілсіздік жайлайды», – дейтіндей-ақ.
— Айпыр-ай, ә, – атам күледі. – Мұң басқан дегеніңізді білмеймін, ал бұл жерді көңілсіз деуге болар ма екен? Қалай ғана көңілсіз болмақ?
— Ол өзі былай ғой, – деп жауап берді Анна Робертовна, – оларға бұл жер көңілді-ақ, өйткені олар құрылысын салады, жоспарлары, плотиналары, шаршы метрлері бар, ал мен ше? Күні бойы Гришамның жұмыстан қашан келетіндігін сарыла күтемін. Тым болмаса біреумен сейлесу керек қой. Ал, ол тамағын ішеді де отырған жерінде қалғып кетеді. Түсінесіз бе?
Атам шайын қасығымен суыта отырып, терең ойға батты.
— Мүмкін, – дейді ол, – шынында бұл жерде қарттардың болуының қажеті де жоқ шығар?
— Әй, сіздер де! – Мамам шыдай алмай әңгімеге араласты. – Қисынсыз әңгімені айтасыздар-ау! Егер менің қолымда билік болса біраз пенсионерлерді комсомолдық жолдамамен осында жіберген болар едім! Олар бізге қандай қажет десеңізші! Мұнда кішкентай сәбилер де жеткілікті. Ал балалар бақшасы болса барлығын бірдей қамтамасыз ете алмайды. Балаларынан шыға алмайтын келіншектердің көбі үйлерінде отыр. Егер бұл жаққа да біраз кемпірлер келетін болса, талай әйелдер өз жұмыстарына шыққан болар еді. Айтары не, кемпірлер деген керемет күш қой.
— Ал шалдар ше? – дедім мен.
— Олармен әрине, мәселе қиындау! – деп мамам қинала сөйледі. – Олар, сөз жоқ, балаларды баға алмас еді. Бірақ оларға да жұмыс табылары сөзсіз.
Атам қарқылдай күліп жіберді. Тағы да люстралар сыңғырлады.
– Әй, Ольга-ай! – дейді ол. – Міне, нағыз мемлекет қайраткері. Мамамның жүзі қызарып, сасқалақтап қалды:
— Кешіріңіз, папа, мен жалпы қарттар проблемасы туралы айтып тұрмын.
Жеке сіз жайлы емес. Сіз болсаңыз демалуға тиістісіз.
Атам тағы да күлді, бірақ үнінен көңілсіздіктін лебі ескендей.
— Сөйтіп, – деді ол мұңая сөйлеп, – Анна Робертовна, біздер қазір аталар мен әжелер ғана емес, тіпті проблемаға айналыппыз.
Мамамның әбден берекесі кетті білем, не дерін білмей үстелдің үстін жинай бастады. Анна Робертовна әңгімесін тыңнан сабақтады.

— Осы Гришам қашан келін түсіріп береді деп тоса-тоса қажыдым. Әлі әже болып та үлгіргенім жоқ. Жай ғана... Кемпір болып жүрміз де...
Атам одан жанарын аудармай қарап отырды да дастарқанның шетін сыйпап қойып өз ойын ортаға салды.
— О не дегеніңіз, Анна Робертовна... О не дегеніңіз, жылдың әр маусымының өз кереметі болмас па? Қыс, көктем, жаз, күз... Адам да осы сияқты. Кәрлігіңіз – адам өмірінің күзі сынды. Оның да өзіне тән сұлулығы, өзіне тән артықшылығы бар ғой...
— «Жастық шақ – албырт, жасамыс шақ – пәрменсіз» – деген емес пе, – деп тақпақтады Анна Робертовна.
– Оныңыз рас, – атам құптай сөйледі, – әр шақтың өз қызығы бар. Дегенмен, жасамыс шақты сары уайыммен, сағынышпен, жай ғана күндерді тосумен өткізуге болмайды ғой.
Олардың үндері де баяу, атамның да, Анна Робертовнаның да жанарларын әлде бір сағыныш бұлты торлағандай – екеуі де осы бөлмеде емес, мамамды да, мені де елемей, мен үшін түсініксіз алыстағы бір өз күндерін, өткен дәурендерін қыдырыстап кеткендей, әңгімелері де баяу толқып ағар өзендей байсалды да терең еді...
Біраздан соң Анна Робертовна орнынан тұрып, қайтуға жинала бастады. Атам аса бір сыпайылықпен ұсыныс жасады: «Сізді шығарып салуға рұқсат етіңіз!» Сөйтті де өзінің генерал мундирін киіп, сықиып шыға келді, мына киімімен көргенде Анна Робертовна қатты таңырқағанын жасыра алған жоқ.
– Өтінем, мадам! – деді атам француз әйелге білегін ұсынып жатып. Анна Робертовна оның білегінен ұстады да екеуі сыртқа бет алды.
– Көрдің бе, – дейді мамам маған қарап, – біздің атамыз қандай сыпайы адам, әнеки содан тәлім алуың қажет.
Мен жымиып күліп қоямын.
Бәрінің де мен ойлағандай болып шыққанына қуандым. Мүмкін, атам мен француз әйел домино соғып отыра қоймас, әрине, өйтпейді де. Бірақ, мәселе доминода емес қой! Қалай дегенмен екі кісіге көңілдірек те жақсы емес пе. Атам қасында біз жүргенде жалғыздық көре қоймас, дегенмен бір таныс кемпірдің болғанына не жетсін,
Бір-біріне барып, шай ішісіп жүрер. Бүгінгі сияқты әңгіме соғар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу