12.08.2022
  94


Автор: Альберт Лиханов

БІЗДІҢ ӘҢГІМЕМІЗ

Ертеңгілік мамам менің тапжылмай жатуымды қатаң тапсырды да жиі-жиі телефон шалып тұратынын айтып, жұмысына кетті. Атам болса етігін сұға салып, магазинге бет алды. «Ендігі қалғаны – атамның ауру адамды күткені еді», деп ойладым.
Бірақ басқа шарамыз қайсы? Құрбандықсыз өнер де өрге баспайды. Менің көңілімді көтеру үшін бе әлде күнде біз үйден кеткеннен кейінгі әдеті ме, әйтеуір атамның ән бастамасы бар ма. Магазиннен келген бетте ыдыс-аяқтарын салдырлатып, сүтті отқа қойды да:
– Бұйрық алды ол – батыс жаққа, Ал қыз кетті шығыс жаққа, –
– деп бастап еді, мен іліп ала жөнелдім:
– Комсомолдар шеру тартты. Елі үшін соғыспаққа.
Атам бір тостақ сода қосқан ыстық сүт әкеліп берді де, ішіп қоюымды талап етті. Мен сүтті ішіп, терлеп-тепшіп болғанша ол поселкамыз жайлы кейбір ойларын ортаға салды.
— Поселкаларыңның ерекшелігі көп-ақ, – дейді ол, – магазиндерін күндіз ашпай-ақ қойса да болатындай. Онда барып жүретін жалғыз мен ғана шығармын.
Ол терезенің желдеткішін ашып қойып, темекісін тұтатты. Атам біздің поселкамыз жайлы ойланса, мен атамның өзі жайлы толғанып жатырмын.
— Сен ол жақта – Москвада не істедің? – деймін мен. – Жалпы, соғыс жоқ уақытта генералдар не істейді?
Атам күліп жіберді.
— Е, генералдардың жұмысы да бастан асады ғой. Соғыс жоқ уақыт дегеннің өзі шартты ұғым. Әйтеуір бір жерде біреулер соғысып жатады ғой. Ал ол соғыстардың бізге қатысы жоқ деуге болмайды. Айталық сенің көзіңше әлсізді әлді келіп желкелеп жатса сен қарап тұра аласың ба?

Мен басымды шайқаймын. Оным, әрине, жоқ дегенім.
— Ал саған соғыс кезінде қорқынышты болған жоқ па?
— Әрине болды, бірақ соғыста командирге қарағанда жауынгерлерге қорқыныштырақ болады. Командирлер команда беріп, байқау пунктінде немесе штабта тұрғанда жауынгерлер оқтың астында тұрады. Олай болса командир де өзі үшін емес, соның бұйрығымен соғысып жүрген жауынгерлері үшін қорқуға міндетті.
— Ал, генерал болған жақсы ма? – деп сұрадым мен. Атам маған қарай қисая отырды да аз-кем ойланып қалды.
— Әрине жұлдыздарыңды жарқыратып, көшеде келе жатқаның неге жаман болсын?! Солдаттар саған сәлем беріп, өткіншілер өзіңе үнемі назар аударады. Бірақ мұның бәрі де жай нәрсе. Осының өзінен де жалығып боласың.
— Қалай дейсің? – дедім мен таңырқағанымды жасыра алмай. – Генерал болғанда тұрған ештеңе жоқ дейсің бе?!
— Ерекше ештеңе неге болмасын, – деді ол. – Ол – жауапкершілік. Айталық, сен өз істерің үшін, алған бағаларың, тәртіп, тәлімің үшін жауап бересің. Ал командир болса қол астындағы жауынгерлер үшін, олардың соғыс өнерін қалай үйренгеніне – бәріне жауап береді. Олардың тамақтарының тоқ, киімдерінің бүтін, көңіл-күйлерінің көтеріңкі болуы үшін де сенің қам жеуің қажет. Барлығының әрбір іс-әрекеті үшін жауап бересің. Ал мұның өзі оңай іс емес.
Бір кезде мамам телефон соқты. Менің денсаулығымның жайын сұрады. Атам менің сауығып қалғанымды айтты да ас үйге бет алды.
— Тауықты аса беретін уақыт болған сияқты, – дейді ол маған.
— Оған асықпай тұра тұр, – деп басқа бір өтінішімді айттым. – Мундиріңді алып, үстелдің үстіне қойшы, а! Мен жақсылап көріп алайын.
Атам бетіме таңырқай қарап тұрды да өтінішімді орындап, өзі шығып кетті.
Мен атамның генерал киімдерін көріп, ордендерін тамашалай бастадым. Мынау екі орденді – Ленин орденін жақсы білемін, мен ғана емес, оны жұрттың бәрі де біледі. Сонан соң мынау Жауынгерлік Қызыл Ту орденін де танимын. Атам олардың үшеуін алыпты. Ал мына бір түрін бірінші рет көруім. Александр Невский ордені. Тағы бір кресі бары шет елдердің бірінікі болса керек. Ал медальдарда... сан жоқ.
Диваннан тұрдым да атамның мундирін киіп алып, айнаның алдына барайын. Атамның өзі сияқты қасымды керіп, сонан соң бір қолымды созып, тұра қалдым. Қутузовтың дәл осы сияқты тұрған суретін көргенім бар болатын. Тұрысым өзіме қатты ұнап кетті. Шіркін десеңші, мен де генерал болар ма едім! Уылжыған жас генералдар неге болмайды екен? Тұп-тура он бес жастағы генералдар. Жарайды, жиырма жаста болса да! Сен шірене басып кетіп бара жатсаң, ал басқалары сымдай тартылып, саған сәлем беріп тұрса.
Қолымды шекеме апарып өзіме өзім сәлем бердім. Мундирді шештім де тағы да ордендерді қызықтай бастадым. Сөйтіп, жатып көзім ілініп кетіпті.
Телефонның шырылынан оянып кеттім. Менің халімді білмек болып, тағы да хабарласып жатқан мамам екен.
— Мама, – дедім өтіне тіл қатып, – Анна Робертовнаны үйге шақыршы, а?
Бүгін біздің сабағымыз еді ғой. Болмай қала ма деп корқып тұрғаным.
Мұныма мамам, дау жоқ, таңырқады. Ол ештеңе де айтқан жоқ, бірақ біздің үнімізді бір-бірімізге жеткізіп тұрған сымның екінші ұшында үлкен сұрақ белгісінің пайда бола қалғанын сезіп тұрмын. Біреуі ғана емес, үш бірдей сұрақ белгісі.
Мамам ештеңе айтпағанмен кешкілік Анна Робертовнаны ерте келді. Олар кіргенде атам тәпкесін сүйретіп, спорттық шалбарымен жүрген болатын. Ол өз-өзінен абдырап, қолын ыдыс-аяқ сүртетін орамалмен кұрғата бастады. Анна Робертовнаның жүзі сәл қызара қалды да ол іле французша сәлемдесті.
— Мон женераль!
Ой, құдайым-ау, әдейі ауыру үшін дымкыл сейсепке оранып, жанымды

шүберекке түйіп жүргенде бұл кісіні мен сол сөзді айттыру үшін шақырып па екенмін?
Бірақ атам алғашқыдай саса койған жоқ, екі өкшесін бір-біріне сарт еткізді де қонақтың қолын сүйді. Үні де бір түрлі жарастықты естілді:
— Мадам!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу