12.08.2022
  180


Автор: Альберт Лиханов

АТАМНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Көрдіңіз бе, істің қалай бет алып бара жатқанын. Біз оған емес, керісінше ол бізге қамқорлық жасай бастады.
Енді біз үйден төртеу болып шығатын болдық. Мамам мен папам машиналарына отырады, атам екеуміз де екі жаққа бет аламыз – мен мектепке, ол магазинге қарай.
Кей-кейде, мен былай шыққан соң сүт құятын шөлмектерін торына салып, көшемен асықпай басып бара жатқан атама қарар едім. Ондайда атам да маған бұрылып, қолын бұлғар еді, сол кезде оған деген аяушылық тан менің жүрегім шым ете қалғандай болады.
— Жо-жоқ, бәрі бір мен мұнымен келісе алмаймын. Отставкада болса да жаужүрек генералдың шөлмектерді көтеріп, магазинге барғаны, еден жуғаны, самса пісіргені... ішке симайтын дүниелер.
Басында ойлаған едім, бір-ақ рет жәй байқап көрген болар деп. Үшінші сыныпта жүргенде менің де бір рет еден жуғаным бар. Бұл сегізінші наурыз күні болатын. Одан кейін де талай дүркін еден жууға оқталғаным бар, бірақ реті бір келмей-ақ қойды. Шаруабасты болып, қол тимейді. Ал атам болса бұл шаруашылықпен күн құрғатпай айналысатын болып алды.
Біз оны талай-талай мәжемкеледік. Бірақ біздің шабуылымыз үнемі сәтсіздікпен аяқталатын. Сонда ол күле отырып, былай дейтін:
— Маған сонда не істе деп бұйырасыңдар? Мұнда басқа шаруа шамалы сияқты. Тұрғындардың орта жасы – жиырма бес екен. Ұят-ақ? Бір қарттарың жоқ. Москвада

ғой, шіркін, тобымен жүреді. Ықтырманың орындықтарына отырып алып, доминоны ұрып жатады. Енді менің де бірдеңемен айналысуым керек қой.
Мамам мұндайда отқа түскендей болады. Атам темекі тарту үшін ас үй жаққа кеткенде папамның құлағына сыбырлар еді.
— Енді не істейміз? Ұят-ақ болды ғой! Генерал еден жуып, кілемнің шаңын қағып жүр деген не сұмдық?!
— Ал сен еден жуып жүрген кісінің генерал екенін ұмыта тұр, сонда түк те етпейді, – дейді папам оған.
Мамам бұл тығырықтан шығудың жолын өзінше тапты. Ешкімге байқатпай құлқын сәріден орнынан тұрып, еденді жуып, ыдыс-аяғын жарқыратып тазалап қоятын болды. Аяғының ұшымен басып, «ұрлығын» ешкімге байқатпауға тырысып жүрді. Бірақ атамнан қулық артылған ба, мамамның айласын бірден әшкереледі:
— Ольга, сен ондайды кой, жарай ма!
— О не, Антон Петрович? – деп мамам түк білмегенсіді.
— Мен саған көрсетермін «Антон Петровичті» – деп гүрілдеді атам қаһарланып, Бәрі бір мамам жуған еденді ол қайыра жуып шықты.
Сол күні оның тағы да самса пісіріп қойғанын көргенде шарасы таусылған мамам жылап жібере жаздады.
— Антон Петрович! – деді ол ызаға булығып, – сіз мені сондай ыңғайсыз жағдайға қалдырып отырсыз ғой. Бұл не қылғаныңыз?
Атам аяғындағы тәпкесін сүйрете басып, оның қасына жақындады. Қолындағы қызыл күрең самсасының дәмін татып көр деп тықпалап жүр. Мамам самсасын жеп болғанша әңгімесін бастады:
— Оленька, сен зиялы жан емеспісің, шын ғой? Олай болса қарт адам қарап жатуға тиіс дегенге түкіргенің бар ма! Мен әлі тіршілігі таусылмаған тірі адаммын ғой! Әлде сен мені осындай бір ғажап генерал болған деп музейге апарып коймақ па едің? – Атам екі қолын кеудесіне айкастыра қойды да күліп жіберді. – Жаным-ау, мендей генералдар толып жүр емес пе?! Қолма-қол дауысын қатайта сөйледі. – Жарайды, бұдан былай бұл әңгімені қайталамайтын болайық!
Мамам атамды құшақтай алды. Мен атамның ту сыртында тұр едім, мамамның жанарына жас ұялай қалғанын анық көрдім.
— Папа, – дейді ол, – бір түрлі қызық адамсыз-ау! Атам оның иығынан аялай сипады да:
— Көрдің бе, – деді ол, – біз әбден түсіністік. Келе ғой, онан да атаңның пісірген самсасын жейік.
Біз сөйтіп, пісірген самсаны жеп, ол магазиннен әкелген сүтті іштік, ол жалтырата жуған еденді басып жүрдік.
— Өздерің де бір түрлі қызық адамсыңдар, – дейді атам өз ісінің дұрыстығына біздің кезімізді біржола жеткізейін дегендей, – өздерің жұмыс істеп, оқуларыңды оқисыңдар, ал мен болсам қолымды қусырып, қарап отыруым керек. Жоқ, мен өйтіп отыру үшін келгенім жоқ! Түсінікті болар!
Мамам күрсініп қойды. Ол жеңілгенінің белгісі еді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу