12.08.2022
  91


Автор: Альберт Лиханов

АТАМНЫҢ ОТСТАВКАСЫ

Таңертеңгілік түсініксіз бір қарбалас басталады. «Газиктер» келіп, біз киініп даяр болғанда, пальтосы мен қалпағын баса киіп алған папам телевизия хабарларының программасын іздеп сарсаңға түседі.
Әу дегенде мен ештеңені түсінбеймін. Газетті тауып алғанға үлкен бір іс тындырғандай қуанған папам қызыл қарындашпен газет жолдарының кейбірінің астын сызып, атама телевизорды қалай іске қосуға болатындығын түсіндіре бастайды. Осы кезде мамам да қарап тұрмай сөреден кітаптарды суыруға кіріседі. Атамның фантастикалық па, әлде шытырман оқиғалы шығарманы ма, болмаса тарихи романдарды ма – қайсысын жақсы көретіндігін тәптіштейді.
Тек мен ғана қалыс қалып, табалдырықта тұрамын. Енді маған бұл қарбаластың қайдан шыққаны белгілі. Әрине, бұлары дұрыс та. Атама көңілсіз болмасын дейді де. Айтты-айтпады, өмір бойы жұмыс істеді, майдан кешті, енді келіп, аяқ астынан – сарт еткізді! Ал, керек болса! Қабағымды қарс түйіп алып, атама бір ұсыныс айту үшін ал кеп ойланайын, бірақ есіме ештеңе түсе қоймады. Тек оған іштей қызығамын. О, шіркін, менің қолыма осындай бостандықты берсе ғой. Ешқандай себеп-сылтаусыз

мектепке бармайтын болсам атам сияқты қалаған шаруамды істеп үйде жатсам, шіркін! Бірақ атама қарасам жүзінде мұң бар. Өзі күлгенмен жанарынан көңілсіздік байқалады. Әлденеден үрейленгендей ме, әлде торыққандай ма, әйтеуір мұңды жанар.
— Жақсы, жақсы, – дейді ол мамам мен папама, – телевизорды да міндетті түрде қараймын, кітапты да оқимын. Жолдарың болсын! Шаруа істеңдер. Үйренерлерің де көп әлі. – Өз көңіл күйін білдірмейін дегендей көңілдене сөйледі: – Жұмыссыз отыратын бірінші күнім ғой бұл. Ех, ұйқым бір қанатын болды!
Біз есікті жауып, баспалдақпен үнсіз түсіп келе жатырмыз. Машинаның қасына барған соң да мамам мен папам үй жаққа қинала қарады.
— Оған оңай дейсің бе? – дейді папам.
— Антошка, – дейді мамам күрсіне сөйлеп, – сен мектептен шығысымен ешқайда айналмай, бірден үйге қайт. Атаңмен бірге серуенде. Оған поселканы, құрылысты көрсет. Қысқасы, біз келгенше атаңды жалғызсыратпауды өз міндетіңе ал.
«Газиктер» өз жолдарымен кетті де, мен мектепке бет алдым. Қызық-ау,
«жалғызсыратпауды өз міндетіңе ал!» Айтарға ғана оңай. Әйтпесе, жеңіл тапсырма емес.
Мектепте де кешке дейін басымды қатырып, ойланумен болдым. Тіпті мұныма Кешка да таңырқады. Ауырып отыр деп ойласа керек. Ауырмағаным ақиқат. Бірақ істің жөнін қалай келтіру жайын қатты ойланған едім. Атамды қайтсем жалғызсыратпауым қажет?
Мұғалиманың үні де алыстан үзіліп-үзіліп әрең естіледі: бы-ды, бы-ды... дейтін сияқты. Математикадан кейін тіпті мені «зейін қоя» тыңдағаным үшін мақтап та қойды. Мәс-саған! Мені зейін қойып тыңдағаным үшін мақтап жатыр, ал мен сыңар сөз ұққан жоқпын.
Бәрібір тығырықтан шығар жол таппадым.
Жалпы, Гайдардың тимуршылары сияқты магазинге барып, нан, сүт әкеліп беруге, отын жарып, су әкеліп беруге болар еді. Бірақ атама отын жарудың текке қажеті жоқ. Үйлер бір орталықтан жылынады, су болса түтікпен бөлмеге келіп тұр, ал нан мен сүт мәселесіне келсек, атам келгенше де өзім істеп жүрген шаруам.
Бәрібір тығырықтан шығар жол таппадым. Бірақ сабақ біткен бойда үйге қарай бірден зымырайын. Өйткені, атамыз екеуміз өзі әлі дұрыстап сөйлесіп те үлгермеппіз. Ал, менің сұрасам деген сауалдарым – тоннасымен жатыр. Соғыс жайлы, Зеңбіректер туралы. Тағы да қилы-қилы.
Баспалдаққа жақындай бере-ақ мұрнымды бір жағымды иіс жара жөнелсін. Атам келіп есікті ашқан бойда әлгі иіс бетіме шалқып тигендей болды.
Аузымды ашыппын. Дәлірек айтқанда, аузым өзі ашылыпты. Автоматты түрде. Енді қалай?
Атамның қайдан тауып алғанын кім білсін, ол ескі шалбар киіп, жалаң аяғына галошты қоңылтаяқ сұға салыпты. Сирек шаштары үрпиіп, ұйпа-тұйпа болған. Бір қолында еден жуатын шүберек, өзі болса айыбын мойындаған бала сияқты күліп қояды.
– Құдайға шүкір, – деді ол. Әрине мұнысы әскери адамның сөзіне ұқсаған жоқ.
– Мен әке-шешең келіп қалған екен деп қалмаймын ба?
Мен болсам арбалған адамдай портфелімді қойдым, шешіндім, сонан соң бөлмелерді көре бастадым. Барлық заттардың аяқтары көктен келіпті. Кілем де құбыр темір сияқты шиыршықталып қалыпты. Диван да мекенін ауыстырып, орындықтар біріне бірі мінгесіп-ұшқасып бір жерде тұр.
Атам еден жуғышын шелектегі суына бір малып алып, іске кірісіп кеткенде таңырқауымда шек болған жоқ. Оның қимылына көз ілеспейді, әрі өзі епті-ақ, бүкіл өмірін армияға бұйрық беріп емес, еден жуып өткізген кісі сынды.
Таңырқағаным бірте-бірте тарай бастағандай. Алдымен мен оның бұл ісіне деген өзімнің қарсылығымды білдірмек болдым. Атамның мұнда әскери ұшқыштармен бірге еден жуу үшін келмегенін мамама айтып, шағынсам деп бір тұрдым да, мына қызықты

Кешкаға қалай айтып беретіндігімді ойлап кеттім. Әрине, оның менің бұл қияли әңгімеме ішегі қатқанша күлері хақ. Осы араға келгенде өзімді күлкі қыссын, сонан соң қарқылдап қоя берейін. Қалай күлмессің! Генерал еден жуып жүр!
Атам шаруасынан қол үзбеген күйі маған бір сәтке суық қарады. Сөйтті де ол да қарқылдап қоя берді.
– Қане, – деді ол маған, – екінші галошты тауып ал да қолыңа жуғышты ұстап, іске сен де кіріс.
Екінші галош табыла қойған жоқ, бірақ су еденді жалаңаш аяғыммен басып жүріп-ақ диванды, орындықты орындарына қойып, мебельдерді дымқыл шүберектермен сүртіп шықтым. Теңіз қарақшылары сияқты басымды орамалмен таңып алдым, онымды атама да істедім. Сол кезде біздер жалғыз көзді капитанның каютасын тазалап жүрген қос теңізшіге, қос қарақшыға ұқсайтын едік. Мен әлде бір фильмнен естіген өлеңнің жалғыз жолын үнімді әдейі қырылдатып айта бастадым.
Эх, біздер! Қарақшылармыз! Қарақшылармыз! Ох, біздер! Қарақшылармыз! Қарақшылармыз! Ух, біздер! Қарақшылармыз! Қарақшылармыз!.
Өлеңнің басқа жолдарын білмегендіктен осы бір жолды қайталай бердім. Тек, ох, эх, ух, ых деген сияқты одағайларды ғана қалауымша өзгерте беремін. Мұндай әнді үйрену сонша қиын емес еді, сондықтан бір кезде атам маған қосылып берді дейсің. Тіпті қатып кетті.
Ых, біздер! Қарақшылармыз! Қарақшылармыз!
– Мынау мұрынды жарып бара жатқан жағымды иіс не? – деп сұрадым мен бір
кезде.
Атам ә дегенде бетіме қарап аңырып тұрды да, дымқыл еденмен тайғақтай
жүгіріп, ас үйді бетке алды. Бір кезде ол жақтан әлде не салдырлады да, іле атамның өкінішті үні естілді. Көмекке мен де ұмтылдым. Тағы да менің ауызым аңқиып қалыпты. Автоматты түрде.
Газ плитаның пешінен көгілдір түтін сыздықтап шыққандай, ал ас үстелінің үстіндегі тәрелкеде қызыл күрең, хош иісті тәбетті қытықтаған самсалар үйіліп тұр еді. Атаң болса осындай болсын! Генерал болса осындай болсын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу