12.08.2022
  91


Автор: Альберт Лиханов

ДЕГЕНМЕН, ОНЫҢ ӨЗІ ҚАНДАЙ КІСІ?

Міне мен атамның қасына отырып алып, оған қарай беремін. Қазір ол менің өтінішім бойынша мерекелік мундирін киіп алған. Әр погонында екі-екіден жұлдыздары жарқырайды. Кеудесіндегі ордендері көп-ақ, санап болмастай.
Атамның бетіне қарасаңыз, әжім толған кәдімгі қарт кісінің жүзі, үлпілдеген майда шашы да өте жұмсақ. Папамның үстелінің үстіңгі жағында ілулі тұратын кісінің суретін атамның осы түріне ұқсайды деуге еш келмейді, мұртын да қырып тастаған. Тек көзін ғана суреттегі көзге ептеп ұқсатуға болар. Атам маған күлгенін бір қоймайды:
— Сен немене, ұлым! Атаңды танымай қасымнан өте шыққаның!
Мен иығымды қомдап қана құтылғым келеді, біз мерекелік дастарқанымыздың шетінде отырғанымызға біраз болса да осы бір ыңғайсыздық жағдайдан серпіле алмай- ақ қойдым. Шынында өзім де алаңғасар-ақпын ғой.
Атам шашымнан сипап қойып, менің көңілімді тыныштандырғысы келеді.
— Әрине, егер екеуміз көшеде кездесе кеткендей болсақ, мен де сені танымай қалған болар едім.
Атамның күмбірлеген қоңыр даусының қаттылығы сондай, ол сөйлеген кезде люстралардың салпыншақ әйнектері сыңғырлап қоя береді.
— Соғыста жүргенде көбірек айқайлап сөйлеуге тура келгендіктен үніміз осылай болып қалыптасып кетті ғой, – дейтін ол. – Дәл жаныңда зеңбірек гүрсілдеп жатқан кездерде телефонмен сөйлесуіңе тура келеді. Жалпы артиллеристің дауысының зор болуы қажет.
Атам кеудесін кере тыныстап алып:
— Атыңдар! – деп айқайлап кеп жібергенде қуқыл өңі күреңітер еді, сол кезде үйіміздің төбесі ұшып кетер деп ойлайтынмын. Кенет естілген керемет үннен шошып қалған мамамның өңі қашар еді де, папам мәз болып күлер еді. Көрдіңіз бе, атамның үнінің қандай керемет екенін! Мен де күлкіге бір кенелемін, сөйтемін де дәл сондай ғып айқайлап көрмек боламын:
— Атыңдар!
Даусым шіңкілдеп, берекесіз болып шығады. Түн ішіндегі атам екеуміздің бұл өнеріміз, әрине мамама қайдан жақсын, бірақ атам оны тыныштандыра сөйлейді.
— Ольга! Мен жәй әншейін, бір-ақ рет... Мен немереме өз айбынымды танытып қоюым керек қой, әйтпесе аэродромда қасымнан өте шыққаны аздай, селдір шашыма, әжім басқан жүзіме қарап: осындай да генерал көрсемші деп ойлап отыр. Мына жұлдыздарым болмаса тіпті жерге қарап қала жаздаппын.
Атам дидарыма қарашығын қадаған сайын қызара түсемін. Өйткені, ол менің ойымды оқып отырғандай еді.
— Алайда, атамның барқыраған даусы ғана қалған екен деп ойлама, – дейді ол,
– мылтықты да жақсы атамын.
— Мылтықты дейсің бе? –деймін қуанышымды жасыра алмай.
— Мылтықты да, тапаншаны да, автоматты да.
— Маған үйретесің бе? – деп қиыламын.
— Қару табылса үйретер едім. Жер жырта аламын. Ағаш жону да қолдан келеді. Жақсы жүземін. Сен өзің жүзе білесің бе?

Мен басымды шайқаймын. Біздің өзенге түсу оңай емес, ағысы тас домалатардай, оның үстіне суы мұздай, бір сүңгісең болды, жағаға қарай безе жөнелесің.
— Сендер де бар болыңдар, өзен жағасында тұрып, жүзе білмеу деген не деген сұмдық! Менде де армияда суға салсаң балта сияқты жүзе жөнелетіндер болған.
— Қандай балтаны айтасың? – деп таңырқаймын мен орынсыз айтылған теңеуге таңырқап.
— Өй, балтаның қалай малтыйтынын көрмеп пе едің?
Мен әрине күліп алдым. Балтаның қалай малтыйтыны көзіме елестеді, шу дегенде шым батып жоғалар.
— Малтуды үйретесің бе? – деп сұраймын одан.
— Барлығын да үйретемін, – дейді ол менің шашымды тағы да ұйпалақтап қойып, – өзім білетін барлық өнерімді үйретемін. Мен вяткалықпын ғой, вяткалықтардын қолынан келмейтін іс болмайды. Ондайды естіп пе едің?
— Вяткалык өнерпаз, –дейді папам атама қарап жымиып қойып. – Отставкаға неге жібергенін мойындашы, кәне?! Өзің еш уақытта кетпес едің! Ішім сезіп отыр ғой.
— «Неге, неге?» – дейді атам түнеріп. Орнынан тұрып, бөлмені кезіп жүріп кетеді. Папам сияқты. Бұл мәселе оған онша жаға қоймаған сияқты. – Жетер, канша уақыт жүре беруге болады? Тоғыз жүз бесінші жылы туыппын – иә де, жиырма үшінші жылы армияға алыныппын. Ал, есептей бер: елу жылдан астам уақытты армияда өткізіппін. Жүре берудің де шегі бар емес пе? Жастар болса өсіп келеді, оларға орныңды босатуың керек дегендей.
– Ендеше былай, жолдас, генерал-лейтенант, – дейді папам ақырын ғана үн қатып. – Сені отставкаға денсаулығыңа байланысты, жүрегің нашар болған соң шығарған, оны біліп тұрмын. Сөйтіп, енді осында жақсылап тынығуың қажет. Құдайға шүкір, бір ғұмырға жетерлік жұмыс істедің!
— Бұл немене, жолдас запастағы лейтенант, өзіңнен шені үлкен адамға ақыл айту деген қайдан шыққан? – дейді атам түйіліп.
Ол бөлменің бір бұрышына барып тоқтай қалды, бойы бұрынғыдан да шөге түскендей. Өзі біздің біреуімізге де ұқсамайды. Қою да ұзын қастары өңіне сұс бергендей. Көзі де өткір, қап-қара. Жүзіне қарағанда, дәл қазір әкеме: «Тік тұр!» деп ақырып қалатын сияқты.
Бірақ атам бар шарасы таусылғандай мундирін шешіп, оларын орындықтың үстіне койды да өзі диванның бір шетіне қисая кетті.
– Енді тынығатын болдық ғой. –Оның үні бір түрлі құмығып естілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу