12.08.2022
  276


Автор: Альберт Лиханов

МОСКВАДАН КЕЛГЕН ХАТ

Атам жайлы жиі ойлап, оны бір көруге құмартатынмын. Бірақ ол отставкасына шықпай-ақ қойды. Демалысында да келмеді. Әлде, папам сияқты кезекті демалысын да алмай ма екен деп ойлаймын.
Әкем де үнемі демалыс дегенді білген адам емес. Қашан болса да құрылысындағы жұмысы күйіп тұрады. Онысыз бірдеңе бүлініп қалардай көретін болу керек. Москваға үшеуіміз де бірге баратын болып, біз жолға қалай әзірлене бастасақ болды, ол салы суға кеткендей жұмысынан салбырап оралатын үйге. Ондайда күрсінер еді, әлде нені айта алмай күмілжір еді. Мамам да оған сезіктене қарайтын, әкем бәрібір мұндай сәтте үн қатпай құтылғанды қалайды. Айтары не, мұндайда жағдайды алдымен мен түсіне қоямын. Өзі айтқандай, жұмыстың «ең маңызды кезеңі келіп тұр, соған орай, дәл қазір демалысқа шығуының мүмкіндігі жоқ».
Мамам да біраз уақыт тоң-торыс отырады да: «Сөйтіп, Антошка, тағы да үй бағып отыратын болдық», – дейді шарасы таусылғандай.
Москваға барамын-ау деген тәтті үміттен айырылғым келмейді, бірақ оларға көнбегенде қайда барарсың?! Үй бағармыз. Аты шулы Көшпендіні жалғыз тастап кете алмаймыз ғой. Қанша айтқанмен оның орынбасар деген аты бар, сондықтан да оны бас инженер мен бастықтың өзі демалысқа қанша қуса да ол ешқайда кетіп көрген емес.
Жасырары не, біздің әкей осындай кісі. Ал, атам ше?
Мүмкін менің әкем өз әкесіне тартқан болуы керек. Мінездерін айтамын. Жұмысты қанша істесе де, соларынан қол үзе алмайтын екеуінде де, ортақ қасиет бар сияқты.
Мен атамның жұмысының мәнін ұқпай дал боламын. Соғыс болса бір сәрі. Жауынгерлер шайқасқа түссе генералдар оларға команда беріп тұрады. Әскерлердің бағытын белгілеп, ұрыс ыңғайына қарай не қорғанысқа көшіп, не шабуылға шығады. Ал бейбіт уақытта ше? Ол бізге үнемі «жұмыс бастан асады» деп жазатын. Онысының қандай жұмыс екенін жазған емес.
Атам хаттарын әрдайым көңілді де көтеріңкі леппен жазатын. Тек әжем қайтыс болғаннан кейін үш ай бойы үн қатпай жатып алды. Сол кездерде папам мен мамам да мазасызданып болды. Жеделхаттарды бірінің соңынан бірін жолдап, оның демалыс алып бізге келуі сұрайтын. Атам көпке дейін үнсіз жүрді де, бір кезде
«Уайымдамаңдар, бәрі де ойдағыдай» деп қана қысқа жауап Жеделхат салды. Сонан соң ғана ол бұрынғы әуенін қайта тауып, көңілді хаттар жолдай бастады. Тіпті, жағажайға барғаны жайлы да бірде тәптіштеп әңгімелепті. Оны айтпағанда, қазір москвалық жасөспірімдердің шашты ұзын ғып қоюды сән көретіндігін, бір жолы сондайлардың біріне: «Қызым, сағатың неше болды?» десе, бетіне қараған «қызының» тарақанның мұртындай мұртын көргенде өзінің шалқасынан түсе жаздағанына дейін жазған кездері болды.
Папам оның хаттарын оқыған сайын: – Жалғыз қалу оңай дейсің бе?! Қалай да оның осында келуі керек қой, – дейтін. Біз бірде үстелді жағалай отыра қап, оған хат жазайық. Сібір табиғатын әдемілеп суреттей келіп өзенімізді, тайгамызды, тіпті поселкамызға дейін асыра дәріптеп, оның біз жаққа келуі үшін барымызды салып бақтық. Атам да бір әуенінен тансашы. «Отставкаға шығаруды өтініп едім, онымды тағы да мақұлдамай қойды», дегенді жаза береді. Ал өзіміз барайық деп хат жазсақ, қазіргі кезде қонақ қабылдай қоярлықтай мүмкіндігінің жоқтығына кешірім сұрай отырып, бізді де шегіншектеуге мәжбүр етеді. «Сендерді қойшы, – деп жазатын ол, – келесіңдер де кетесіңдер. Тағы да иен үйді бағып қалатын маған қалай боларын ойладыңдар ма?! Абзалы отставкаға шыққанша шыдау керек, біржола босаған соң өздеріңе қарай тартып отырармын».
Атамның мұндай хаттарын оқыған соң папам басын шайқап қойып, күрсінер еді, сонан соң мамам да сөйтеді, ол екеуін көрген соң мен де күрсініп салар едім. Мен ол кезде атамды кинодағы Чапаевтай ғып елестететінмін. Атам мен үшін әдеби геройлардан бір де кем емес. Бірде «Менің сүйікті кейіпкерім» деген тақырыпқа шығарма жазғанымыз бар. Мен ойланбастан Чапаев туралы жаздым, өйткені ол туралы киноны кемінде он рет көрген шығармын. Міне, сонда өз атам жайлы да жаза салуыма болатын еді. Бір «бестікті» қағып түссем жаман ба?! Жалпы егжей-тегжейлі білмеген кісі жайлы жазу онай ғой. Менің атам – генерал. Әнеки, оның фашистерді қалай қырғаны жайлы ысқыртып жаза беру қиын ба! Оның зеңбіректерінің Берлинді қалай жүнше түткенін жазу қандай ғажап. Өйткені,ол артиллерист те болған. Мұны жазуға қиналсаң, оның Азамат соғысы жылдарында қылышын жарқылдатып, жауды қалай қуғанын құрастыруға болар еді... Тіпті, бәрін де құрастырып соға беруге болады,
«шығарма» деп аталуынан көрініп тұрған жоқ па.
«Шығару» яғни «ойдан шығару» деген сөзден шыққан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу