12.08.2022
  206


Автор: Альберт Лиханов

СОНДА ДА БІЗ ҚАЛАЙ ТҰРЫП ЖАТЫРМЫЗ

 


Өзі мен әңгіменің арнасынан ауытқып кетіппін ғой. Қалай тұрып жатқанымыз, тұрмысымыз жайлы айта бастап едім, Анна Робертовнаға келгенде сол кісі жайлы тәптіштеп кетіппін. Шынына келсек, французша оқу – өмір ме екен? Өмір деген мүлде басқа нәрсе.
Өмір деп қыстың күндерін айт, шіркін. Қыстың жуан ортасында нағыз біздің күндеріміз туады. Календарьда қызылмен боялған күндердің болатындығы жұрттың бәріне мәлім. Бұлар – мереке немесе демалыс күндері: Ал «біздің күндеріміз» деп айрықша ен салып отырғаным актіленген күндер. Ол тек біздің Сібірге ғана тән ерекшелік. Айталық, таңертең сағат алты жарымды соққанда төсегіңнен тұра салып, радионы барынша сампылдатып бұрап қоясың. Қайталап айтамын, қалай сағат таңертеңгі алты жарым болады, дәл осы кезде поселканың барлық балалары бірі қалмай радио алдында қалқайып тұратындығына бәс тігемін. Өйткені, осы уақытта диктор ауаның температурасын хабарлайды. «Температура – минус кырық!» десінші, оған біз пішту де демейміз. Қырықты аяздың санатында санамаймыз. Ал термометр елуді перген кезде!..
Әкем айтқан. Ол тумысынан москвалық болғандықтан, сонда оқыған ғой. Москвада отыз градус аяз болса бітті балалар мектепке бармайды екен. Масқара! Отыз градусқа бола! Бізде отыз май тоңғысыз жылылық саналады. Айталық, отыз градуста Кешкаларың мойын орағышын иығына аса салып, кеудесін ашқан күйі көшеде кердең басып, буы бұрқырап жүреді. Тіпті мұндай күндері біздің клубта балмұздақ сатылады, отырып ал да соға бер. Ал елудің жөні бір бөлек!
Елу градуста, басқаны айтпағанда, жыланбауыр тракторлардың шылдырмақ шақайлары аязға шыдамай шарт-шарт сынып жатады. Маған Гришаның шестеренканы балғамен бір ұрғанда үгітіліп түскенін көрсеткені бар. Елуді – қызыл шұнақ аяз деп тануға болады. Елу біз үшін «өз күніміз», былайша айтқанда «қызылмен боялған» күн.

Бұл күнді бізде «актіленген» күн деп те атайды.
Неге олай дейтінін әкемнен сұрағанымда ол бұл сөздің «акт» деген түбірден туғандығын түсіндірді. Кісілер жиылып алып, «акт» деп аталатын документ жасайды. Онда «осылай да осылай, температура елуге жеткендіктен, темір тектілер аязға шыдамайтындықтан жұмыс істеуге болмайды» деп жазады екен.
— Мүлде жұмыс істеуге болмай ма? – деп қадала сұраймын әкемнен.
— Жұмыс істеуге болады-ау, – деп қиналады ол. – Бірақ темірі түскірі шыдамайды...
Сонан соң ол осындай актіленген күндердің жұрттын көбінің жүректеріне майша тиіп болғанын айтар еді. Мен әрине, оны ұға қойғаным жоқ.
— Кісілердің жұмыс істегісі келеді! Түсінікті ме, саған?! – дейді ол. – Жоспарды орындау қажет!
Бәрі бір маған түсіну оңайға түсер емес. Елу градустық қызылшұнақта кімнің ғана жұмыс істегісі келе қояды дейсің? Папам болса бөлменің ішін кезіп, босқа жүйкесін жұқартады.
— Біздер, гидростанция құрылысшылары үшін кыс айлары ең жақсы уақыт, – дейді ол. – Мәселенің мәні де өзеннің шегедей болып қатып жатуында ғой. Мұз дегенің біз үшін қара жермен бірдей, жұмысты біраз өндіріп тастауға болады.
Мұнысы ақиқат: қыс айлары біздегі ең жақсы мерзім. Ал біз болсак қыс түсісімен тауға шығып, шаңғымен зымыраймыз, биікке шыққанда төменге көз салсаң плотинаның барлық кұрылысы, керік мойын крандар, сұп-суық буы аспанға атқан бөгеудегі тұнжыр өзен бәрі-бәрі алақандағыдай көз алдыңда жайылып жатады.
Бұл – біздің ГЭС-тің құрылысы.
Мен неліктен «біздің» деп иемдене айтып отырмын? Онда жұмыс істемейтінімді жақсы білесіздер. Бар болғаны оқушы ғанамын. Бірақ барлық бала атаулы құрылыста жұмыс істемесе де «біздің» деп сөйлеуге дағдыланған. Өзімізді оқытатын мұғалімдеріміз де солай сөйлейді. Бұлайша сөйлеуді поселка клубындағы киномеханик Андрей де, балмұздақ сататын Зинаида Ивановна да, барлық адамдар да әдетке айналдырған. Тіпті Анна Робертовна да «біздің кұрылыс» деуді ағат санамайды. Демек, менің де солай деуге толық хақым болса керек кой.
Жаз айларында құрылысқа басқа бір жағынан да қарауға болады. Жазда Кешка екеуміз жұмысынан арнайы босап, бес қаруын сайланған атасы Иннокентий Евлампиевичке ілесіп, тайгадан бал қарағай жаңғағын жинауға бір аптаға барғанбыз. Кешканың атасы қол шоқпарымен карағайды ұрған сайын жерге төгілген жаңғақты біз жинаймыз.
Қайтар жолда биік таудың шоқысына шыққанбыз. Тұп-тура аяғымыздың астында құлама құз, одан әрірек өзеннің бел ортасына дейін бөгеген плотина жатты. Биіктен қарағанда адамдарды илеудегі құмырсқаларға ұқсатуға болушы еді. Менің өзіміздің құрылысты сонша биіктен, осынша жақыннаң көргенім сол. Қорқыныштан ба екен, жүрегім кеудемде тыпырлап, тамағыма әлдене тығылғандай үнім шықпады. Бұл неліктен?
Білмеймін. Бұрын мен мұндай күйге кездеспеген едім. Оның есесіне кейінірек, мұндай күйге тағы ұшырағанмын...
Сөйтіп, мен сіздерге өзім жайлы, мамам, папам жайлы, өзіміздің поселкамыз, тіпті оның көшесіндегі батпаққа етігімізді қалай қалдырғанымыз туралы, Анна Робертовна, оның «ву парлесі» туралы, әйтеуір неше түрлі ұсақ-түйекті баяндадым-ау, бірақ әңгіменің ең негізгісіне көшуге, шынын айту керек, жүрегім дауаламай отыр. Кейінірек болған оқиғалар жайлы... Жо-жоқ, асығып қайда барамыз?! Онан да оқиға өрісін қуалап, суыртпақтап баяндап отырғаным тыныш емес пе, ә?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу