12.08.2022
  242


Автор: Альберт Лиханов

БІЗ ҚАЛАЙ ТҰРЫП ЖАТЫРМЫЗ

Біз қалай тұрамыз? Кәдімгідей-ақ!
Мамама таңертеңгі сағат жетіде есігінде қызыл кресі бар «газик» келеді. Папама төбесі брезентпен жабылған басқа «газик» жетеді. Папамның кейде шофері Коля ағайға: «Ертең келмей-ақ қой» дейтіні бар. Ондайда мамамның машинасы оны құрылыс басқармасына жеткізіп тастайды. Бүкіл ауданның әр тұсына оттан көйлек кигендей шапқылап бір тынбайтын мамама машинаның келмеуі мүмкін емес.
Мамамның да, папамның да өздеріне бекітіліп берілген шоферлері мен бір-бір машиналары бар. Шоферлері болмаса да ештеңе етпес еді, өйткені екеуі де машинаны әдемі жүргізе алады. Әсіресе, мамам, нағыз мынау деген шофер. Рульді бір қолымен ғана ұстап отыруды жақсы көреді, біздің Сібірдің ойлы-шұңқырлы жолдарында бұлай жүру дегеніңіз – енді бар ғой, ең мықтылық.
Мамам папамды жұмысына апарып салғанымен мені қанша жалынсам да бір рет апарған емес. Тек бірінші сыныпта оқып жүрген кезде ғана көктемгі лайсаңда апарып жүрген-ді. Өйткені, мен тым кішкентай болғандықтан көшенің батпағынан етігімді суырып алу да күш болатын. Етігіме батпақ тола берген соң ол бір айласын тапқанға дейін үш-ақ рет машинасымен әкеліп салған.
«Айласын» демей не дейін, ол өзінше бір жаңалық ашқан соң. Отыз сегізінші размерлі үлкен етік тауып алды да, менің үйде киетін жеңіл аяқ киімімді ішіне сұғындырып тікті. Қонышы қылтамды тіреп жүргізбейтін болған соң арт жағын үшбұрыштап кесіп берді. Тұп-тура Бірінші Петрдің саптамасы болды да шықты. Қонышының алды ұзын да, арты қылтасының тұсынан келетін етігі бар Бірінші Петрдің суретін көргенім бар. Менің етігім де соның етігінен аумайды. Папам мамамның «өнертапқыштығын» көріп «сенде инженерлік қабілет бар екен» деп әзілдеді.
«Қабілет» дейді ғой, – мамам тағы күйіп-піседі. – Онан да министрлік тарапынан қысымға алып, жөндейтін дүние ғой. Бұл жердегі құрылыстың жай-күйін ескерсе қайтеді екен. Тіккен етіктері де қаланың балалары ғана киіп жүрердей. Бұл тек асфальт жолмен жүретіндерге арналған дүние. Осындай жердің батпағына киюге болатындай ғып, қоныштылау етіп тіксе қайтер еді.
Папам күлкіге айналдырғанымен мамамның «бастамасы» жұртқа тез тарап кетті. Ешкімді қыстап, ешкімге жалынбай-ақ өздігінен тарады. Бұған дейін талай бала бір етігін батпаққа қалдырып, сыңар аяқ киіммен жылап келген болатын. Мамамның жаңалығы балаларға ұнағаны сонша, олар етігімді әбден «зерттеп» көрген соң, өздері де түгелге жуық күрпілдеген үлкен саптама киіп шыға келді.
Ал мамам болса өз өнерінің өміршең болуын ойлай қойған жоқ. Әлдекімдердің қыр соңына түсіп жүріп, көшеге асфальт төсетті. Енді мектепке бару тіпті оңай болып қалды. Көктем мен қыс айларында ешкім ботинка кие қоймаса да саптаманы сүйретуді жұрт ұмытқан, өйткені батпақ бұрынғыдай тізеден емес, толарсақтан ғана келетін.
Сонымен сағат жетіде «газиктер» табалдырықтың түбіне келіп, дүрілдеп тұрады.
Үшеуміз де тысқа шығамыз:
– Кешке жайырақ ораламын, – дейді әкем.
— Антон, сорпаң плитканың үстінде, басқа тағамдарыңды тоңазытқышқа қойдым. Газды сөндіре салуды ұмытпа, – деп пысықтайды мамам.
— Оревуар! – деймін мен оларға.
Газиктер екі жаққа қарай домалаңдай жөнелгенде мен мектепке қарай тартамын.
Тағы да француз тілі жайлы ойлаймын.
Мамам Москва жайлы әңгімелегенде мәселені баяғы менің болашағыма әкеліп тірейтін. Айталық, мен онда французша үйреніп алмақ екенмін.

— Онда барлық пәндер француз тілінде жүретін арнаулы мектеп бар, – дегенді де жиі айтады.
— Орысшаны да солай оқыта ма? – деймін мен кекесінді үнмен.
Әрине бұл сөзіме мамам ренжіп қалады, сонан соң Анна Робертовна кемпірден француз тілін тиянақты түрде үйренуімді ықтияттайды. Қызық-ау, мектептегі ;сабағым жайлы бір апта ештеңе сұрамауға бар, ал француз тілі жайлы, тіпті қандай сөзді септеп, қайсысын қалай жіктегенім жайлы, кай сөзді қалай айтқаным, Анна Робертовнаның менің ұғымдылығым жайлы не дегеніне дейін қылға тізіп сұрайды.
Анна Робертовна дегеніңіз шынында да поселкамыздағы кесек тұлға. Өмір бойы қалада тұрып, Смоленск педагогика институтында француз тілінен дәріс берген көрінеді, пенсияға шыққан соң ұлы Гришаны ертіп, Сібірге келіпті. Балалар байқатпай
«ля мадам» деп ол кісінің қитығына тиіп қояды, әрине, мен де оларды іштей қоштап тұрамын. Анна Робертовна сыйдиған арық кісі, жіңішке жіліншігі қонышында ойнап жүрер етігі көктемгі батпақ кезінде қолпылдап, төбелескен қораздардың бірін-бірі қанаттарымен соққанындай бір дыбыс шығарып жүрер еді. Анна Робертовнаның айналасында біреулер айқай-шу салып жатса да тәкаппар басын тік ұстаған күйі төңірегіне күміс дөдегелі, қалың әйнекті көзілдірігінің астынан қарап, ештеңеге мән бермей жүретін әдеті.
Мен оған аптасына үш мәрте барып, оның – «же парле, ву парле» – деп септегенін құлықсыздау тыңдап отырып, қасқа бастау келген инженер Гришаға қарар едім. Гриша болса қашан көрсеңде сосисканы малжаңдап қылғытып отырғаны. Бұл асты ол жақсы көргендіктен ғана емес, «сосиска» дегеннің өзі о баста француз сөзі болғандықтан әдейі жеп отыратын сияқты көрінген соң ба, әйтеуір, ондайда менің Гришаға жаным ашитын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу