Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  256


Автор: Болат Жетекбай

«Тәу ет, - деген, – туған жердің тасына!»

«Жетпісімді тойлаймын» деп жүріп, жазатайым көз жаздырып кеткен ақын Дүйсенбек
пен өткен ғасыр мәресінде елуге жетпей бақиға аттанған жазушы Болат
Қанатбаевтардың рухына бағыштадым.
Айым, Қарсы, Непеспенен жүргенде,
Теңіз беттен тез жетесің Сүлменге.
...Көсік қазған кезің қалған бір сайда,
Сағым кешкен сезім қалған бір белде.
Қыршын арыс Болатқа да арман боп,
Бесшоқыда бес үй бірақ қалған жоқ!
Батқан күннің қызылына бояндым,
«Бұл сынақты Тәңір басқа салған», – деп.
Таусылмайтын, айтсам жырын термелеп,
Заманымен бірге көшті... ел де жоқ.
Сүйлі, Хасан, Жазішем мен Қошоба –
Жатта қалды, өзгеде бар, менде жоқ!
Сол даланы жырлай-жырлай, бітпедің,
Сағыныштан көз жасыңды ірікпедің.
Алаламай адыраспан, жусанын,
Бірдей сүйдің қазағы мен түрікпенін.
Болмағасын көңіліңнің алғауы,
Бітірдің ғой қисапсыз көп шаруаны.
Сені білді алты алаштың аумағы,
Саған риза Мақтымқұлы әруағы!
Тартып туған қарт Каспийдей тарланға,


Текті жырың толқын атар ақжарма.
Сұлу сезім шашыратып шапағын,
Тіл қатады таңғажайып таңдарға.
Су болады шөлдеп ішіп, қанғанға,
Ту болады оттай лаулап, жанғанға.
Қарақұмның шағылындай шоқтанар,
Күн дөңгелеп тас төбеге барғанда.
Түздің тырбық тітіріндей ашқылтым,
Тілеулесті жұпарына мас қылсын!
Махаббаттың майданына аттанған
Мүрид жастың жолын оңдап, ашқызсын!
Жатпай-тұрмай жиған егін, қырманы –
Қанатбаев Дүйсенбектің жырлары...
Келер ұрпақ, көңіліңді қалдырмас
Әулиедей әз ақынның сырлары!
Дендегенде бейдауалы дерт іштей,
«Иек асты, қиян шетке» жол түспей;
Жотасына өрлеп қонды Кеңсайдың,
Басқалармен өмір күйін шертіспей.
Өлі қала... тылсым, тыныш бұйыққан,
Бейіт сайын ай сығалар қиықтан.
Жаңылыспас ырғағынан баяғы –
«Жатаған ымырт, биік таң».
Жетер-жетпес жетпіс деген жасына,
Жантайғанда биік қырат басына;
Аманаттай ақтық сөзін түсіндім,
«Тәу ет, – деген, – туған жердің тасына!».
«Аспан асты, жер үстінде» біз жүрсек,
Қуса қайғы, қашып, қара үздірсек;
Өлсең, өшпес сартап, сірі сағыныш –
Қарабұғаз көліне аққу жүздірсек!..
Жәркен құсап Жайыр тауын аңсаған,
Көк теңіздің көлеміне тамсанам...
Шаңқылдайды, шарқ ұрады шағала,
Әр кемені шығарып сап шаршаған.
...Бекдашы мен Шағадамның жолынан
Сырт бұрылсам, сүрлеуіме жолығам.
Сүйреп өзі әкетеді әрі қарай,
Перзентінің мықтап ұстап қолынан.
Сүлменге де соғамын ғой, ағасы!
Алыс емес Қошобамен арасы.
Туған дала жиі еніп жүр түсімде,


Көп ұзамай жол түседі-ау, шамасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу