Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  223


Автор: Болат Жетекбай

Тағы сені ойлаймын, мұңданамын...

Тағы сені ойлаймын, мұңданамын,
Сөйте-сөйте, бір күні жынданамын...
Сырымды әшкерелеп алатындай,
Қысылып, неге мұнша ұрланамын?
«Айтам» деп, айта алмаған көңіл датын
Аңғартсын саған жазған осы хатым.
...Жұмаққа бара қалсам жолым түсіп,
Хор қызы сендей ме екен, Перизатым?
Сен – сұлу, жан жетпейді жер бетінде,
Пейіштің нұры балқып келбетіңде;
Күлімдеп бір қарашы, сол жетеді,
Әйтпесе еткен ісім кер кетуде.
Әйтпесе, сейілмейді көп күмәнім,
Тасмаңдай тағдырыма соқтығамын;
Сарқылып таусылады Көкбұлағым,
Сарғайып, солады ғой көк құрағым.
«Жаныма дәрусің сен, жаным» дейін,
«Сүйемін, шын сүйем!» - деп мәлімдейін.
Бүгін – сен,
Басқаның түк мәні де жоқ,
Білейін ертеңімді, иә білмейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу