Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  85


Автор: Болат Жетекбай

Қастерлеп пейіш нұрлы әлеміңді...

Қастерлеп пейіш нұрлы әлеміңді,


Көлденең тигізбеймін әлегімді.
Жетеді – көңіліңнің назы өшпесе,
Күлімдеп, берсең солай сәлеміңді.
Баптаған бар өзіңнің мұзбалағың,
Қайтейін, ішім күйіп қызғанамын...
Әуелгі әз ниетім азбасыншы,
Басына бақ тілеген қыз баланың!
Жүректің сыр пердесін ашып көрдім,
Ұнатып, жақсы көрдім, ғашық болдым...
Жол тосқан осы ғажап сезім үшін
Құдай-ау, қанша жылды асып келдім!
Себебін сырқатымның сенен көрмен,
Артық қой ақыл күту өлерменнен!
Не дейін тағдырымның тайқысына,
Бақ бермей, пешенеме өнер берген?!
Қалтарыс қалған таса қылаңдағы,
Жанымның айтылмады бір арманы...
Солай деп сөкпе мені, бәрібір де
Өшпейді үмітімнің шырағданы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу