Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  225


Автор: Болат Жетекбай

«Тәуекел» дедім, сезімге ерік тигесін...

«Тәуекел» дедім, сезімге ерік тигесін...
Тағдырды қайтем, ғашықтық сертке қақым бар.
Мен де – бір Мәжнүн, ес ауып, құлай сүйгесін,
Құштарлық оты күйдіріп жанды, лапылдар.


Ойланып жатпай ол жүрер жолдың бөлегін,
Тәрк ете жаздап тірнектеп жиған барымды;
«Қол жетер жерден әріде ғой, - деп, - керегім»,
Жазықсыз өлең, жеткіздім саған зарымды!
Қоштаспай кеткен кешегі жастық дәуреннің
Қимас бір назы қинарын тағы кім білген?!
Ырықсыз баурап, ынтығым болған сәулемнің
Ғарыштан сонау хабарын күтіп жүрдім мен.
Дауасыз дерттің бойыма уы жайылып,
Дерексіз ойым ақылға, сірә, дес бермес...
Дертімнен осы кетпесем таза айығып,
Күнәмді менің Тәңірім-дағы ескермес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу