👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  42


Автор: Болат Жетекбай

Сені айтуға ой дәрменсіз һәм таяз...

Сені айтуға ой дәрменсіз һәм таяз,
Саз тілімен сезім сөйлер болмаса!
Қарай-қарай қанша ләззат алсам – аз,
Құштар көңіл құшып, сүйіп қанбаса!
Айтар едім нұр сіңіріп өзгерек,
Қиялдың да қуат-күші әлжуаз.
Сені мендей көрер ғашық көз керек,
Қайдан ұқсын... кіл бос кеуде, желбуаз?!
Жанды буып, құлпын ашар жүректің,
Сұлулықты «сиқыр» дейді – сенемін.
Ынтық күйді ыңырсыттың, үдеттің,
Толқынданды тынып жатқан тереңім.
Күн дидарың сурет салып ойыма,
Сол аңсарға бағынып тұр ақыл да.
Шақырсаңшы махаббаттың тойыңа,
Шақырғасын, қалдырсаңшы қасыңда!
Көкірегіме қысып, мүлдем майысып,
Енсем деп ем ессіздіктің еліне...
«Күнә» десе,
Кел, бір күнә жасайық,
Күйсін денем оттай ыстық деміңе!
Күйсін денем, мұз боп еріп кетсін мұң,
Бақыт дәмін бір татқанға не жетсін?!
Сен меншігі емес едің ешкімнің,
Бірақ, маған,
Маған ғана керексің!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы