Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  55


Автор: Болат Жетекбай

Мұнартау

(Нұрмұхан Жантөринге)
Абыздай
Аңыздан аңдаусыз енген біз жаққа,


Аз ғұмыр кешіп, аспанға көшіп кеткен-ді.
Есірік жел, жүрегін елдің мұздатпа,
Сыпсыңдамасаң да, ұмытқан жоқпыз өткенді.
Тылсыммен тілдес мұнарлы тауды мегзеген,
«Табиғаттың өзі» деп білгін сен оны.
...Жақын мен жаттың арасын айқын сезбеген,
Шерлі Шоқан боп оралып қайта келеді.
Өз өмірі бар өнердің өлмес, жоғалмас,
Жазылған сонда жазмыштың бұлдыр дерегі...
Ар-намыс үшін сермеліп өткен ақ алмас
Бейбарыс болып, Мысырдан қайтып келеді.
Айтылмаған сөз, ашылмаған сыр құнары –
Көкіректегіні көзден ұқ!
Ол өзгермей, кадрдан қарап тұрады
Жатқанда заман өзгеріп.
Ғалам жұмбағын сыйғызған отты жанардан
Ғазалын оқы өмірге ғашық жандардың...
Қара нардай –
Екі дүниенің де қасіретін теңдеп ала алған
Қара шалыңа таң қалғын!
Тек Тәңірінің құдіретіне тосылып,
Пейілін бұрды ол пейіш нұрына жамыраған.
Анау «Құс жолында» –
Арманының ізі жатыр жосылып,
Маңғыстауына жете алмай...
Аруанадай аңыраған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу