Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  94


Автор: Болат Жетекбай

Есімде

Шалыс басқан әр ізде шаттығы бар шайтанның,
Беу, бейкүнә періштем, көңіліңді қайтардым!
Ар жазасы – ауыр сын, қансыраған жүрекпен
Қайтіп саған көрініп, қай бетімді айтармын?!.
От пен суда ойнаған бойды нәпсі бұлады,
Тіккен туы тентектің теңселді де, құлады...
Тарқамайтын сауық не, таусылмайтын тәтті не?
Мен жыласам – белгілі... өмір неге жылады?
Желкенімді көтеріп, телегейдің төсінде,
Қилы сапар кешкендей қияметтің кешінде;
Қиялымның қонысын жеті қаттан өткізіп,
Құдайыма жақындап барғаным да есімде.
Тамұғына пәнидің қос өкпені күйдіріп,
Қасқа қара маңдайды жалынына сүйдіріп;
Ашық келген ажалмен арбасқаным есімде –
Батар күннің жалқынын қарашыққа сыйдырып.
Тағдырымның бұйыртса мінезсізін, кідісін,
Бұлаңдаған не пайда бұрынғыдай жүрісім?!.
Ырыздығы төгілмей мың күн тұнған дүние,
Сен де – Хақтың қолында бір күн сынар шынысың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу