Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  62


Автор: Болат Жетекбай

Аядым

Сырттан қарап өзіме, сүлдерімді аядым,
Жұрт көңілі үшін тек күлгенімді аядым.
Жүрегімнің үстінен көктем ұшып, күз қонып,
Ерте солған өлеңім – гүлдерімді аядым.
Орда бұзар отыз жас, одан өтіп жөнедік,
Шайқатқандай шағымда шау тартқандай көнеріп.
Бұқпантайлап күн кешкен бұл жүріске не делік?
Қарындастың қаракөз үміттерін аядым.
Ел мұратын ер қамдар, өр еңсесі пәс түсті,
Құлшынысы құм қауып, талпынысы тас құшты.
Іріктелер іріден – ішкеніне мас күшті...
Алты алаштың арыған жігіттерін аядым.
Ақ ниетің адыра, ахлақ туы тозғандай,
Жақсыларды қалдырып, жаман-жәутік озғандай,
Пұл-бағымен деліріп, делебесі қозғандай.


Замананың лыпасыз зауық-биін аядым.
Қыран қонар қияны құзғын барып жайлады,
Сандуғашсыз бағымда сауысқандар ойнады.
Ордасында өнердің өңшең топас тойлады,
Дүниенің осынау дүмше күйін аядым.
Жан-жағыңды қаусырып, жын-жыпырлар қамайды,
Сәл шыдашы, сәл шыда... шаштан сүйреп сабайды!
Түк талғамай талайды, жан тастамай тонайды,
Елімді де, ен байлық – жерімді де аядым.
Азаттығым – алданыш, жатқа тізгін берген күн,
Ағарып таң атқанда, бесігімде тербелдім.
Сағым, сағым, сары сағым... шермендедей сенделдің,
Күлкіңді де, ей, қазақ, шеріңді де аядым!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу