Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  135


Автор: Болат Жетекбай

Наурызда оқылған жыр

Күлерсің-ау, көктемім, түлерсің-ау, тірлігім,
Жусан тектес ұл едім, жұлдыз кескен кіндігін.
Жапырақтай жанымды бояп жасыл реңге,
Жаппар Алла жар етті жаратылыс шындығын.
Жаратқанның шындығын жүрмегін, дос, танымай,
Жаны жомарт кісінің бәрі жақсы, бәрі бай.
Күн айтады осыны, түн айтады осыны...
Жыр оқысам жарасар Наурызымда налымай.
Ерке желдің ескені, еріп сеңнің көшкені,
Қара жерден қар кетіп, қаулай шөптің өскені;
Мархабатты Наурызым, махаббатың емес пе –
Тартысқанның кешегі: «Тату болдық!» – дескені?!
Көбейгені күлкінің, кеңейгені көңілдің,
Шер-шеменді шет қағып, шегергені өмірдің;
Арғы бабам тойлаған Әз-Наурыздың арқасы –
Жағалай жас шағына оралғаны елімнің.
Егіз-егіз төл өріп, жетпегені көгеннің,
Аққа толып тұрғаны алтындаған зереннің,
Алыс-алыс сапардан құстарымның қайтқаны...
«Сенің құтты қадамың» демегенде, не дермін?!
Лүпілдеген жүрекке нұр арманның қонғаны,
Лап етпегі сезімнің бір шоқ түссе болғаны,
Ой-хой, Ұлыс күнінің Ұлылығы емес пе –
Наурызбайдай құрдастың отыз жасқа толғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу