Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  66


Автор: Болат Жетекбай

Кей күндері

Кей күндердің жарығы жоқ түн ғұрлы,
Түнек жолдар түлейлерге кіл бұрды.
Удай зерлі уайымды жұтқызып,
Сағымды морт сындырды.
Кей күндерден кесапатты мұңды алдым,
Кеттім лағып, қудым қиял... жындандым.
Былқ-былқ еткен бүйткен тірлік құрысын! –
Боқтығына былғандым.
Кей күндері үміт өлді, жан семді,
Жоғалттым да жоғалтпайтын нәрсемді;
Жын-ойнаққа жанын сатқан пәс ойдың
Бәрі маған қарсы өрді.
Кей күндері жапырақтай үзілдім,
Аспан жаққа айбат шектім, кіжіндім.
Ит-пенделік игергенде – жоқ дәрмен,
Ақ сүйектей мүжілдім.
Кей күндері көктей солып көңілім,


Кезенгеннің оғына ұшты елігім.
Сапырылып сары дауыл санамда,
Сап басылды желігім.
Кей күндері шаттығым да бар шығар,
Рас, рас, бақ күнім де бар шығар...
Жүз қуаныш бір қайғыдан жығылса,
Жаным жер боп жаншылар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу