Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  62


Автор: Болат Жетекбай

О, дүние!

Жақсы да болдық, жаман да болдық, о, дүние!
Жүдеттің жанды, алмағың бізден енді не?!
Мұнарлы кеште мұңынды жұтып, мәңгідім,
Маған деп жаққан жұлдызың әлде сөнді ме?!
Беткейге шықсам, орамал бұлғап бір елес,
Анадай жерде: ажал мен өмір – жүр егес.
...Андыздап өрген алып кеткейсің аш-ойды,
Алып кеткейсің, басқаның бәрі түк емес!
Тереңдей батсам, жан түгіл, тәнді ой жейді,
Басыңа біреу енеді, сарнап сөйлейді.
Шулайды қостап, сабырсыз сансыз сайтандар
Сол кезде Ақыл ақырып Ойға: «Қой!» – дейді.
Құбылған дүние – құбылыстарың кеудемде,
Аңғарсам, енді ақылымды да ой жеуде.
...Қызығым болып қуантып кейде сұм-жалған,
Құйрығын ашып көрсете қойды сол демде.
Өксігі бітпес өңкей бір өң мен түс күннің,
Аумалы дәурен алтынымды да мыс қылдың.
Жайдары шақта жағымды осып, жасытып,
Жайсыз бір күні жұмақтың қызын құштардың.
О, дүние, дүние, өтуге жылдам құмарсың,
Өңмеңдей берме, өзің-ақ мойын бұрарсың.
Өлгенде көрген жалғызың жаннан безгенде,
Өкіріп келіп, денемді құшып жыларсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу