Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  62


Автор: Болат Жетекбай

Түнгі түйсік

Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келгені... о несі?
Көлбеңдейді күңгірттеу көлеңкелер елесі.
Көңіл неге босайды, жүрек неге егілді?
Дәтке қуат өлеңім, дәрменімді демеші!
Көкіректі кернеген сағыныш па, күйік пе?
Жан тәнімнен бөлініп, ұшатындай биікте.
Нұр сөгілді, сейілді, мұң төгілді санама,
Үзік-үзік шаттығым...
Өтінемін, үрікпе!
Табиғаттың жұтқандай таусылмайтын ызғарын
Тас бейнеге айналып, томсарып құр, мұздадым.
Түн түсінді сырымды, түнегімен қармады,
Түн айтпасын білдім де, тыныштығын бұзбадым.
Телегей сүт – ақ сәулең жер-бесігін шайқаған,
Қасқыр болып ұлырдай көп қарадым, Ай, саған!
«Сен де мендей жалқы» деп, «Мен де сендей жалқы» деп,
Әр түнімде өзіңді көрсем деп ем қайтадан.
Сөнген алыс армандар жұлдыз болып тіріліп,
Күмбезіне ғарыштың шашылғандай үгіліп.
Тамып-тамып кетсе егер, көздің жасы секілді,
Тылсым кеудем оны да алатындай сіңіріп.
Жұлдыз жанар, Ай шығар....
Мен оларға бөтенмін.
Ғарыштағы болмашы тозаң ғана екенмін.
Қараңғы түн қонағы – қаңғыған көп қайғылар,
Қонып жатыр кеудеме, қонып жатыр...
Не етермін?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу