Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  90


Автор: Болат Жетекбай

Батыр кәке

(Әби Бәлиұлына)


Сәйгүлік мініп, сойылың іліп ерге сен,
Торсықтан шұбат сіміретінсің шөлдесең.
Айызың қанып қалмаушы ма еді ұрыс сап,
Өрім қамшыны олай да-былай сермесең?!
Алаңсыз жүріп астында зеңгір аспанның,
Қызық та өтті, өтіпті мынау бастан мұң.
Ашынған сәтте қындағы қанжар жарқ етіп,
Қашатын құты қарынды қасқабастардың.
Жастық дәурен-ай, отқа да суға салатын,
Қыран күндер-ай, қияға сермер қанатын!..
Алқалы топта алабұртып сен тұрғанда,
«Батыр» дегенге марқайып көңіл қалатын.
...Қабағы қату,
Қонаққа жөнді санамай,
Менсінбей кейде сөз саптағанды шалағай;
Ат бауырлатып, соққыға сабап жыққансың,
«Адайың – мен» деп, арашаға да қарамай.
Қайқылар үшін ол күнде тоқтар тұрақ қайда,
Бауырқанған сезім байыз табуға шыдатпай ма?!
«Бата аламыз» деп көрісіп барған едіңдер
Дуалы ауыз Сәттіғұл, Сүгір, Ұзақбайға.
Өмірдің сырғып өте берерін кім білген?!
Баяғысынша төбеден төніп күн күлген.
Басыңды тауға-тасқа да ұрып, ақыры
Баянсыздығын бұл пәни күннің білдің сен.
Жиырма жас өтті, отыз бен өтті қырық та,
Сусыған уақыт саябыр әсте қылып па?
Алпыс пен жетпіс – олар да өтті,


Сексеннің
Сегізіне де қалыпты-ау жасың жуықтап.
Дүние кең-ді,
Барады неге тарылып?
Отыру, тұру, жүрудің саған бәрі жүк.
Еңсені басып, еңкейтті зілдей салмағы,
Дендеді әбден атаңа нәлет кәрілік!
Жалғыз үй сынды көшпеген бар ел көшкенде,
«Сырласым» дейтін жоқ қой, жоқ бүгін еш пенде.
Кеудеңе келіп қонады жарық бір сәуле –
«Батыр Кәке!» деп балалар сәлемдескенде.
Тосқауыл таппай қарттыққа жанды қыстаған,
Шарасыз пенде дәуіріндегі күшті адам.
Шырамытқанмен, танымай қалып жатады:
«Қай баласың сен?
Уағалейкүміссалам!».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу