Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  83


Автор: Болат Жетекбай

Бұлт басқан аспан...

Бұлт басқан аспан...
Мұң басқан сана – қараңғы.
Көктемнің күні қуантпай ма екен адамды?!
Мөп-мөлдір жел де мысық боп еніп ішіме,
Тырналайтындай жарамды....
Түнерген бұлттар – түйдік те-түйдек наладай,
Көз жасын сығып тастауға тұр ғой жарамай.
Құс екеш құстың қонбағаны ма бұтаңа,
Жасанар қашан жапырағың, кәрі қарағай?!
Келгенде көктем тырнасын көкте тізбелеп,
Елітер едік, еніп бір күйге біз де ерек.
Көктемнен гөрі ұқсайды күзге маңайым,
Көктемнен гөрі ұқсайды көңіл күзге көп.
Көкбетсу, сірә, қыз-көктем, саған жарамас.
Үздіккен жанда үміт пен күдік аралас.
Таңменен ерте түріліп тұман-көйлегің,
Шуақты құшар дірілдеп тәнің... жалаңаш.


Жылуды әнтек жұтады жылдам ызғарың,
Содан ба, сонау көлдің де сеңін бұзбадың.
Мызғымай жатыр меңіреу мынау кеудемде
Мұң болып қатқан мұздарым.
Күмілжір көктем,
Көмескі тартты жан-арай,
Түнерген бұлттар – төніп те келген наладай.
Қараймын үнсіз, қан-сөлсіз қалпың баяғы,
Көктемің келді...
Көгермейсің бе, қарағай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу