Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  46


Автор: Болат Жетекбай

Өлеңнің де жаны бар

Ойдан шуақ қашырып, шерді тапса ақылың,
Тата алмасаң таңдайға тірлігіңнің татымын;
Кімге артасың кінәні?..
Кімге артсаң да, жалғыз-ақ:
Өлеңнің де жаны бар,
Жасытпағын, ақыным!
Жеті саз бар киелі – жүрегіңді өпті ме?
Шексіз сыр бар жаһанда – желдей желпіп өтті де...
Жан болмысы кешегі өлеңіңе көшеді,
«Көшкен жанда көз жасың көрінбесін!» деп тіле.
Өксіп тұрып, өмірге жанның нұрын жаярсыз,
Өзің үшін сол кезде өлеңді де аярсыз.
Өрттей шалқып, өйткені, өршеленген, лаулаған,
Сан құбылған, сабылған сезімдерің баянсыз.
Мұның бәрі – мұңлы ақын мойындаған серт еді,
Бір тылсым күш соңынан салпақтатып ертеді...
Моншақ-моншақ өрілген мойыл көздің жасындай
Өлеңдерім тағы да өлім күйін шертеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу