Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  90


Автор: Болат Жетекбай

Кешегі – түс, бүгін – күмән, ал, ертең...

Кешегі – түс, бүгін – күмән, ал, ертең...
Бас-аяқсыз уақыт ырқы белгісіз.
Сағат сайын өзгереді жан-өлкем,
Бір минуты бір ғасырға бергісіз.
Тұнық ойдың түп бастауы – Тәңірден,
Қай тұсында ұшығы бар бақидың?!
Тозары хақ жан мекені – тәнімнен,
Мәңгілікке сәуле тартып жатырмын.
Күн мен түндей қос өлшемнің арасы
Тең түспейтін талас Майдан төрінде;
Туып жатқан түгел ғалам санасы,
Өгейсінбес өрнегімді менің де –
Деп, дәмелі көңіл тағы нұрланар,
Бейопалы дүниеден кек қайырып.


...Топырақтан жаралған тән құм болар,
Кеңістікке кетер жаным жайылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу