Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  57


Автор: Болат Жетекбай

Күн сөнбесін!..

Күн сөнбесін!
Өшкен отты көп көрдім.
Ұшқындайды, жалындайды,
...күл болар.
Өмір кейде сезімдерге өрт берді,
Ол да сөніп, ыс-көңілім тұлданар.
Лақтырардай Айды түпсіз аранға,
Жұлдыздардан көкті сүртіп, тазартып...
Өз-өзімнен бүлінемін,
Ғаламға
Бір астамсып, бір мұңая наз артып .
Дүниенің несі кетсін, жан – әлек,
Дүлейленсең – шыбын-шақты көрмейді!
Шығыс қылаң, Шолпан туса таң әлет,
Күйкі-тірлік: «Тұр, соңымнан ер!» – дейді.


Аққа бояп түнекті таң бозаңы,
Ұйқы – тәрік, өлең қалар жайына.
Қышырлап тіс, қай-қайдағым қозады,
Көңіл толмай келер күннің райына.
Келер күннің кескін-жүзін жақтырмай,
Күреңіттім...
Қолда қандай мұрша бар?!
«Қақшаңдардай хақың жоқ, – деп – тап мұндай»,
Қатал тағдыр қақ маңдайдан бір салар!
Кел, сабаңа түс, көңіл!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу