Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  68


Автор: Болат Жетекбай

Ақ жолдан бұрыс, ақылым адасты неден...

Ақ жолдан бұрыс, ақылым адасты неден?
Алқынған алды-артымда Алашты көрем.
Айналып өтпес ақырда ақырет сыны,
Аспанға шығып, сүңгісем жер астыменен.
Пәнидің түбі ойранда...білінген сыры,
Кідіріп, сірә, қалмас-ты үрілген Сүрі?!
Төбесіз, таусыз, жылмиған жер жатар дейді –
Он сегіз мың сан ғаламзат бүлінген күні.
Жарылып аспан, жалғаншы терістеледі,
Тізбекпен төмен түседі періштелері.
Тәубасы қабыл бес намаз бойында бардың
Иманы бастап, табылған пейіште төрі.
Тартылып Сират көпірі тамұқты бойлай,
Тағдыры айдап жөнейді халықты қойдай.
Мүшкілдеп халі мүшірік-мұнафықтардың,
Көр қылар көзін көретін жарықты қоймай.
Таусылмас азық толтырса көмейін кептеп,
Түтіндер тозақ: «Тағы да берейін от», – деп.
«Толды ма?» – десе,
«Тағы да бар ма?» – дейді екен,
Кісен-бұғаулы кәпірдің мерейін шектеп.
...Мегзеліп тұрған аяттың астарын қара,
Адамзат үшін ол Маhшар – қас-қағым ғана.
Рахымы болғай саған да Сұбханалланың,
Сәждеге маңдай тигізе бастадың жаңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу