Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  90


Автор: Болат Жетекбай

Тәңірден тілек кесіліп, сабыры қашты...

Тәңірден тілек кесіліп, сабыры қашты,
Томырық тағдыр тірліктің тамұғын ашты.
Түтіні кеулеп, көзіне күлін төккесін,
Көместің қара диюдай қалыбы басты.
Жап-жасыл желек – жайқалған нәзік гүлзары,
Сұқтантар сұлу сәніне жазықты-дағы!?
Ындынның, міне, сарқылды ыдысы босап...
Жүрегі неге, Құдай-ай, сазып тұр әлі?


Ықылым желі көтерген ашу-бұрқасын,
Жапырып өтті желекті жасыл қырқасын.
Тұлданыс тұтып, тұғырдан озамын дей ме?
Әй, бекер, бекер шайтанды басындырғансың!..
Даусымыз енді жетер ме үлгеріп, тегі?
Бөлектеп бізден әкетті бір желік сені...
Дүние деген – дөңгелек, көктемі жақын,
Бүрленіп көгі, көркейер гүлденіп шөлі.
Қайымға дейін қосылмас ғашығы – Жерді
Аймалап нұрмен, Ай туар ашылып ерні.
Қайтты ма кегі сезімсіз серігін жеңіп? –
Алладан үміт үзді де,
...асылып өлді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу