Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  92


Автор: Болат Жетекбай

Пәктік орын алғанда пейілімнен...

Пәктік орын алғанда пейілімнен,
Мен жыладым мазасыз мейіріммен.
Шын сағыныш – пенденің шырай-өңі,
Түйсігімнен тірілген, зейінімнен...
Олай емес!
Ол – жүрек қазынасы,
Пәни күннің бақилық базынасы.
Жаппар-хақтың жалғыздық көлеңкесі
Жанарыма түсіп тұр...
Не қыласың?!
Ойсырама, от-жүрек, обал – жанға,
Қақсын қанат қиырсыз сонарларға!
Ақсын-дағы аспандап, Айды бүріп,
Ақ жолағын қалдырсын...
Соны арманда!
Тағдырына түкірген топырақ-бет,
Жесір-көңіл – сыңарың жеті қат көк.
Мен жыласам, жылаймын сағыныштан,
Жерім шалғай, жол ұзақ... шоқырақ көп.
Тауарихын қашаған тасқа мөрлеп,


Мен дегенім – Тәңірі, басқа «мен» жоқ...
Қажығаннан күлесің қайран жүрек:
«Қардың асты, мұз үсті – баспанам» деп.
Қайран жүрек,
Жалғыздық – жан серігің,
Аманаттып ал сырын, ал сенімін...
Әр дүрсілің – дүдамал, секем, сезік,
Бітер сәтін білдірер ән шегінің.
Ән – сағыныш сәулесі,
Өмір – өзек.
Нені бояп барады, нені безеп?!
Жалғансыз жарық таңның мысы басып,
Жалғыз тамшы мөлт етті көзіме кеп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу