Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  335


Автор: Болат Жетекбай

Апа, сені сағындым!

Бір ызғырық жел есіп жыртығынан жанымның,
«Денім сап-сау, дертім жоқ» десем-дағы, ауырдым.
Дәруі тек секілді саф ауасы ауылдың –
Апа, сені сағындым!
Сағыныштың мен мұнша сарғайтарын біліп пе ем,
Қайратымды бойдағы құмдай қылып үгіткен?!
Талықсыған кеудемді таптап өтіп жатқандай
Үйір жылқы үріккен.
Қиян кеткен, қайырсыз, қол үзген соң баладан,
Жолға қарап жасыңды төгесің-ау, жан анам.
Салып ұрып ауылға барсам деймін, дариға-ай,
Сарғайғанша санадан.
Тасып аққан өзенім тартылды ма, білмеймін,
Баяғыша мен қазір қамсыз күліп жүрмеймін.
«Таңым қашан атар?» деп тұнжыраған түндеймін,
Қайтерімді білмеймін.
Сөніп біткен жоқ әлі қырдағы отым жағылған,
Сайрап жатыр іздерім сағым қуып сабылған.
Неге сендім, әттең-ай, армандарға алдамшы?
Неге кеттім ауылдан?
Сазға біткен мен-дағы ебелектей екенмін,
Сайтан-құйын соңына еріп қиыр кетермін.
Жайымды ойлап жасыма, бәрі жақсы, жан ана,
Көп кешікпей жетермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу