Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  80


Автор: Болат Жетекбай

...Баяғы ауыл

Баяғы ауыл кішкентайдан көз көрген,
Адамдары әлдеқалай өзгерген...
Өзгерген бе?
Секемденіп, сыр бақтым,
Әйтеуір бір жатсынуды сезгем мен.
Нені сездім, неге қайтты тауаным?


Кім біледі, кім береді жауабын?
Баяғыдай... емес бәрі, байқадым,
Басқа көңіл, бөлек тірлік ауанын.
Басқа көңіл, бөлек тірлік ауанын
Байқаған соң, өз бойыма қарадым.
Сезіне алмай жүргем жоқ па, тегінде,
Бәз-баяғы дос пейілін даланың?!
Қандай еді сол «баяғы» дегенім?!
Күледі аспан, көзіндей боп көненің...
Күрсіндім де, түстім таныс соқпаққа,
Күткен мені құмдарыма жөнедім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу