Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  75


Автор: Болат Жетекбай

Көкбұлағым, көк бұлағым

Тамырынан үзілген тал қуарып,
Сұрқы қашты,
Көктемеде көктер ме?!
...Қонысынан безіп жатыр мына жұрт,


Көшу-дағы бәсеке боп кеткен бе?!
Топырағы тозғаны ма даламның,
Асырайтын аналықтан өтті ме?!
Шет өлкеге шыққан талай балаңның
Саған деген сағынышы жетті ме?!
Ажарыңнан айрылыпсың, ауылым,
Мен келгенде желпініп бір қалар ең.
Қайда бүгін іргелі ел-қауымың?..
Сені мәңгі тұрағыма санап ем.
«Армандарын жалғап жаңа арманға,
Жұмақ іздеп ел жөңкілді» деседі.
Махаббатын сарқып, тауысып алған ба,
Қайда сенің ақындарың кешегі?
Құшағыңда кім-кімге де жылу бар,
Көңіл-шіркін жаманатқа қимайды-ау.
Бізді ғашық еткен қайран сұлулар
Көкбұлаққа бетін енді жумайды-ау!
Көкорайың жапырылып, тапталған –
Менің мынау жан-дүниеме ұқсайды.
Ерте өтіп, елесімде сақталған
Балалық шақ, ол да естен шықпайды.
Көкбұлағым,
Саған келдім,
Мен келдім!
Емеспін ғой жүрегі жоқ ұланың.
Сиреп қалған бақтарыңда сенделдім,
Сен жыладың,
Мен қосылып жыладым...
Жылап ағып жатырсың-ау сен бүгін,
Күлкің қайда?..
Сезімімді қозғашы!
Көкбұлағым,
Көк бұлағым, мөлдірім –
Туған жердің таусылмайтын көз жасы!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу