Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  80


Автор: Болат Жетекбай

Құмдарға барсам, көкірек шері тарқар-ды...

Құмдарға барсам, көкірек шері тарқар-ды?!
Құмдарға бардым...
Құмығып, жылап қарсы алды.
Мәңгілік жайлы мәуелер әнін сыңсытып,
Отыра кеттім сексеуілге сүйеп арқамды.
Мәңгіді басым,
Меңіреу, мылқау сәт туды,
Қап-қара түнек басқандай болды ақ құмды.
...Дүние күйіп кетсе де мейлі, қоңыздар
Таласып боққа, бір-бірін шетке лақтырды.
Мен соны көріп, өткенге терең зер салдым.
Өкпем не жұртқа?!
Өмірден қандай енші алдым?!
Қадірің білмей, қырқысқан қоңыз-тірлікте
Көңіліңе тидім,
Адамдар, сенің қаншаңның?!
Көңіліңе тидім,
Адамдар, сенің қаншаңның?!
Бағаңыз бірдей артық па бірақ баршаңның?!
Шарасыздықтың шағымын айтып шағылға,
Жабығып жалғыз,
Аяусыз жанды жаншармын...
Отырдым ұзақ, ойларым шалқып сан-саққа,
Өртеніп сезім, орады жалын, салды отқа.
... «Келерің кәміл, келерің кәміл» –
Қоштаспай,
Мұңдана күліп мәуелі құмдар қалды артта.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу