Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  101


Автор: Болат Жетекбай

Жылап отырмын

Мен бүгін жылап отырмын.
Сағыныштан,
Сар даланы ойладым сағымы ұшқан;
Балалықты аңсадым алып-ұшқан,
Тағдырыма налыдым жаңылысқан.
Мен бүгін қалдым оңаша,
Елестермен...
Гүл-бәйшешек шақырды белестерден.
Күндерім де құралған егестерден
Көлбең етті көгілдір елестермен.
О, дариға, от жүрек, сөнердейсің,
«Туған жерге қайталық» дегендейсің.
Асқарынан арманның төмендейсің,
Қақыратып кеудені сөгердейсің.
Жыладым мен.
Шөлімді басқым келеді бұлағыммен,
Сырласып жатқым келеді құрағыммен.
Табысып мәңгі қалар тұрағыммен,
Қыр асып кеткім келді ұланыммен.
...Мен бүгін жылап отырмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу