Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  61


Автор: Болат Жетекбай

Не беремін?

Күңгірттеніп бара жатыр күндерім,
Кілгірттеніп бара жатыр түндерім.
Күлкісі жоқ, көкірегінің оты жоқ,
Кімге айналып кеткенімді білмедім.
Асқақ-асқақ армандардан айрылдым,
Тасқа шапқан ақ алмастай майырылдым.
Жайын ұғар жанның жоғы қинайды,
Жегі құрты жеп құртпақшы қайғымның.
Өмір, өмір...
Өмір енді біртүрлі,
Адал жүрек абайсызда жыртылды.
Тілім тиген талайлардың өкпесі
Киесімен кілт үзгендей күлкімді.
Жақын тартар жақпаған соң жалпыға,
Сыя алмадым өзімнің де қалпыма.
Жоғалтқаным жолда қалып қойғандай,
Жалтақ-жалтақ қарай бердім артыма.
Жалтақ-жалтақ қарағанмен артыма,
Жете алмадым ештеңенің парқына.
Қара бастың қияметі қажытты,
Мен не дермін, не берермін халқыма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу