Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  62


Автор: Болат Жетекбай

Мен қалай шыдап жүрмін?

Дерттеніп, демін жұтып нән қаланың,
Мен қалай шыдап жүрмін?..
Таң қаламын.
Сусыған сал-ғұмырдың сәулесіндей
Сағымы емес пе едім сар даланың?!
Сусығын сағым едім, о, жалған-ай!
Көрінбей кеткеніммен көз алдамай;
Бұйыққан бұлдыр-бұлдыр белдеріме
Берешек қарызымнан безем қалай?!
Басқа ғой бұл тірлікте адам жөні,
«Бетсіз» деп айтпаса екен далам мені.
Сағым деймін....
Жаралған туған жерде
Жалғыз түп жусан болсам, жаман ба еді?!
Жыр жазып жүрегімнен аққан нұрмен,
Туған жер, әр тасыңды мақтан білгем.
Жаңғырып даусым тұр: «Сүйем!» – деген,
Жадына жарқабақтың жатталдым мен.
...Тұншығып тынысына паң қаланың,
Сең соққан балықтайын сандаламын.
Сағынып сары белді, саумал желді,
Сабылып көшкен бұлтқа сан қарадым.
...Мен қалай шыдап жүрмін, таң қаламын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу