Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  79


Автор: Болат Жетекбай

Күз көріністері

Бір қаңбақ ұшты,
Басқаларың да қалыспа!
О, шіркіндер-ай, жосыла түскен жарысқа...
Көзінің жасын көлдеткен бұлттар, бұлттар
Көп тұрақтамай, көшті де кетті алысқа.
Табақтай болып тарылды лезде тәмам көк,
Салмасын бүлік бурадай тарпып боран кеп?!
Жаурайды, әне, сыйдиып қалған теректер,
Жапырағыммен жалаңаш жерді жабам деп.
Күп-күрең беті кешегі қызыл қырлардың,
Қараптан-қарап қарағаш неге ырғалдың?
Қайтыпсыңдар-ау, құстарым, қиыр, жат елге,
Қарасу жаққа сендерді іздеп бір бардым.
Тіміскілейді тентек жел түзді, тек келмей,
Шашылар шоғы әлгінде жаққан от сөнбей.
Қаңғырлақ діңді қаптаған қурай құмақта
Жусап-ақ жатыр, жау шауып, жайпап өткендей.
Сөнбеген оттың шашылса шоғы, ұшқыны,
Сыпыра қуып ойнайды желі түскірі....
Кетік тістерден ысылдап қарғыс жаудырған
Күз деген осы, кемпірге ұқсас ұсқыны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу