Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  246


Автор: Балта Қосбармақ

Өтелмеген парызым көп менің де...

Өтелмеген парызым көп менің де,
Қайтармаған қарызым көп өмірге.
Неге мені кінәлайды адамдар,
«Айта алмаған арызым көп» дедің бе?!
Қарыздармын мынау күллі ғаламға:
Қарыздармын Маратқа да, саған да.
Қарыздармын туыстарға, достарға,
Көз алдымда тұрады ата-анам да,
Қарыздармын барлық жақсы адамға.
Болғанымдай борышты ата-анама,
Борыштымын сенің де ата-анаңа.
Десе де ел: «Қарызыңды санама»,


Санап кеттім...
Одан жеңіл бола ма?!
Бұл өмірге қарызым көп, білемін,
Алып келем, қайтарғам жоқ біреуін.
Әр күн сайын алып қоям ойланбай,
Түсімде ылғи
Қарызымды қайтарумен жүремін ...
Білем бәрін: ұшан-теңіз борышым,
Бергенім жоқ,
Алып келем бұл өмірдің жемісін.
Қалған күндер қайтаруға жетер ме?!
Жетсе егер...
Бақыт осы мен үшін!
Кінәламай тұра тұршы, адамдар!
Көкірегімде от боп жанған алау бар,
Көңілімде алаң бар.
Өртенбесең қызуымнан, күйерсің,
Ертең бәлкім «құтыла алмай» жүрерсің,
Бүгін менен жылу іздеп,
Болып жүрсең маған зар…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу