Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  301


Автор: Балта Қосбармақ

Сен

Әрқашан сен ойда едің, сен есте едің,
Әрдайым Бақыт болып елестедің.
Шынымен бір қайрылмай кеткенің бе,
Сен менің махаббатым емес пе едің?!
Сен едің атар таңым, ақ арманым,
Кеттің бе ұялатып жанарға мұң?
Сенсің – ақ махаббатым, жанар бағым,
Лаулаған жүректегі алау-жалын.
Сен – менің жазылар жыр, айтар әнім,
Әлде от-сезімімді байқамадың?!
Жоқ! Жоқ! Жоқ!


Мүмкін емес байқамауың,
Байқадың,
Мүмкін емес жай қарауың!
Жанға айтпас жанарымнан сыр оқы да,
Менімен бір ғашықтық күй отына.
«Сүйем» деп айта алмайсың өзге жанға –
Әлемде жалғыз мені сүйе тұра.
Сен мені сүйдің анық,
Басқалардың
Ұсынған ақ ниетін қостамадың.
Сөздің де «Сүйем!» деген керегі жоқ,
Тұрса айтып жан сырыңды қос жанарың.
Бұзылды балалықтың салтанаты,
Жерің жоқ енді қашып жалтаратын.
Хатпенен ақ жүрегімді ақтарған ем,
Жауабын болды кезің қайтаратын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу