Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  68


Автор: Балта Қосбармақ

Шерқала оқиғасы

(1981 жылғы жерлестер кешінде айтылған сөз)
Қалқалаған қорған болып даланы,
Түксиеді Шерқаланың қамалы.
Жүз жыл бұрын кездесіпті осында
Саяхатшы орыс пен қыр қазағы.
«Құдай» депті, «Бекет» депті қазекем,
Ал орыстың сенімі оған аз екен.


Күмәнданған...
Сену менен сенбеуден
Тұтаныпты екеуара бәсекең.
Егестің бе – тізгін тартып тұрар кім?!
Айтысу ма, тартысу ма – құп алғын.
- Секір мынау биік шыңнан! - депті орыс. -
Сақтайтыны рас болса Құдайдың!
Білмесе де сынға түскен не екенін,
Депті бабам:
- Арманыма жетемін!
Секіріпті намаз шапан қос жеңін
Киіп алып, белге байлап етегін.
Деп жатпайсың «Қиын ба, әлде оңай ма?»,
Жеңілмеуің керек сенің қалайда.
Сездірмепті тобық шығып кеткенін,
Тобық сөз бе таудан ұшқан Адайға?!
Қайран, баба!
Айбаты мен атағы
Ғасырларға жаңғырығып жатады.
Аман сақтап қалыпты ғой бабамды,
Ғасыр бұрын парашют боп шапаны.
Құдіретіне талай дүние таң қалған
Кең далада Сенім атты заң болған.
Секіргенде бабам құздан,
Тек Сенім
Шапан емес, басқа да емес жар болған...
31.12.1981 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу