Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  165


Автор: Балта Қосбармақ

Қайран әке, көп болды сен кеткелі...

Қайран әке, көп болды сен кеткелі,
Көп қызыққа сенің орның жетпеді.
Өзің барда тынышсыздау Маратың
«Айды әпер, - деп қинамайды, - көктегі».
«Келеді ертең Ақтау жақтан жазылып», -
Деп жүретін сәби үміт, әз үміт.
Есейді ме,
Неге үзді екен күдерін,
Қарсы алдынан қайғы оры қазылып?!
Бір немерең үшеу болды бұл күнде,
Тоқтам бар ма падиша-уақыт шіркінге?!
Қара жеңгең мені көрсе, еске алар:
«Аумайды екен тісі ырсиған, күлкің де».
Бұ дүниенің жұмбағы көп шешпеген,
Уақыттың легіне кім ілеспеген?!
«Ардагер» деп мақтан қылып кәкемді,
Қары әкесіз, «Кәке» демей өскен ем.
Заңдылық бұл қарғыс атқыр не деген?!
Өмір осы бесігіне бөлеген:
Жалпылдайды әкесінің соңынан
Қары әкесін көрмеген қос немерең...
26.05.1990 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу