Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  118


Автор: Балта Қосбармақ

Әке

Әке!
Сен тірі болшы, әкем менің,
Келмейді «Көктен жұлдыз әпер» дегім.
Курорттан саулығыңды алып қайтшы,
Базарлық, басқа бұйым әкелмегін,
Әке,
Сен аман болшы, әкем менің!
Әкешім, қалыпты-ау тек құр сүлдерің,
Жаныма кетті-ау батып күрсінгенің.
Тартқан соң өзің төсек, Бәйтерегім,
Еңкейіп жаза алмай жүр жыршың белін.
Әке, сен аман жүрші, тірі болшы,
Балаңның жазылатын жыры болшы –
Мен саған бөтеке боп бүлкілдер ем,
Орнатса көкірегіңе бүгін емші.
Әйтеуір тек сен аман, тірі болшы!
Балаға әке өмірі жол ашады,
Қуаныш әкеңменен жарасады.
Отыршы қара шаңырақтың құты болып,
Қазақтың қосағасы – қара шалы!
Әке, сен тірі жүрші, аман жүрші,
Болмай-ақ қойсын сенің балаң жыршы.
Сені емес мені қисын, лайымда
Тағдырдың қиып түсер жалаң қылышы.
Әке, сен аман жүрші, аман жүрші!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу