Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  154


Автор: Мақпал Мыса

Қарлығашым, келдің бе?

 


(Мұқағали Мақатаевқа)


Туған жердің жауынын,


дауылын алып,


Таудай талап берген соң тау ұлына анық.


Қарлығаш жыр ұшқанда Қарасаздан,


Қайран қазақ байтағын бауырына алып.


Сұрады елі


Бар ма деп бір дерегі,


Сол бір құстың қанатын жыр кереді.


Мұзарт шыңға байланған мәңгілікке,


Мұқағали ақынның мұңды өлеңі.


Кеңістікті өзіне жұптап алып,


Ұлылықтың қадірін ұққаны анық.


Жетті бүгін жеріне киелі құс


Шәлкөденің шалғынын шыққа малып.


Жазда келіп,


осы елге күзде келіп,


Ізіңізден ізгілік іздеп едік.


Махаңдардың сарқыты сіз болғанда,


Мұқаңдардың сарқыты біз бе дедік.


Қанатымен қарлығаш төрлетті өлең,


Сезіміңе, ағатай,


шөлдеп келем.


Қарасаз қарашалғын той бастайды,


«Жазира, жасыл кілем өрнектеген».


Ағасы,


Сені іздедік таң атқаннан,


Асқарлардан, апайтөс алаптардан.


Мұқағали дегенің


Муза еліне


Қанат байлап самғаған қанатты арман.


Қараөлеңге ғашық боп қарындасың,


Орамалын желпиді сағынғасын.


Хантәңірдің шомылып киесіне,


Қарасазға келдің бе, қарлығашым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу