Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  70


Автор: Балта Қосбармақ

«Қазағым» деймін...

«Қазағым» деймін,
Алатау сынды арқалым,
Көкіректегі қайсыбір мұңды айтамын?!
«Ғасырлар бойы жоғалтып келе жатырмыз,
Болар ма, - деймін, - қарымта бізге, қайтарым?!».
Сәбидей пәктік тулаған асау қаныңда,
Халқым-ау,
Сенің сорың ба,
Әлде бағың ба?!
Бөлтірік құрлы бөрілігіміз болмады-ау,
Жол бердік қарғы тағуға
Бір емшек емген бауырға.
Қапыда соқпай қаншама ата дұшпанын,
Қанды майданда көрсеткен қанды қыспағын.
Халқым-ау, айтшы, қап-қара түнді жамылып,
Бауырыңды қалай «Халық жауы» деп ұстадың?!
Сәбидей пәктік болса егер сыйы ең ұлы,
Қорғансыз неткен періштелердің өмірі!
Ғасырлар бойы аққу мен ақынды атпаған
Бұл халық қалай
«Кәмпескеледі» жалғыз аттылы серіні?!
Қашатын қызға іргеден леп, жел беріп,
Жеңнің ұшынан жасап келеміз жеңгелік.
Ару қыздарым ардан аттаған күн туды,
Тұзымыз жеңіл, мұншама сорлы ел ме едік?!
Қажет деп тапса, әр ғасыр емес, күнара
Еншіміз болды талай «Алқакөл сұлама».
Елу төрт жылда жеті рет соқса бұл нәубет,
Елім-ау, сенің басыңа тал шаш шыға ма?!
Жаратылғалы мал деген – бастан садаға,
Жанды да қоссам, тажалға тойым болар ма?!


Азаматтарын көзінен тізіп әкетсе,
Кінә да жоқ-ау ақсирақ мына далаға.
Ақсирақ далам,
Ақсирақ халық, бейбағым,
Білмей-ақ келем аулыңда қашан той барын;
Баратын жерің, басатын тауың беймәлім.
Үстінде отырып атомға толы қойманың,
Беліңді будың,
Тағы да нені ойладың?!
Ақсирақ далам,
Ақсирақ халық, бейбағым!..
14.04.1990 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу