Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  110


Автор: Балта Қосбармақ

Жырды сағыну

Оқып шықтым тағы да бұл дәптерді,
Әзілдей ме Балтаның қунақ көңілі:
«Жалғыз жырым жазылған жинақ», - дейді.
Осы дәптер өсуге мұрындық боп,
Қазақ жыры көгіне кімді ап келді?!
Сексенінші жылдардың бас жағында
Жырлы ауылға жол тартқан жас қауымға
Табыс, талант тілепті жас Бауыржан,
Кім қалды екен,
(Бейәдет бастадым ба?!)
Жұлдыз болып жырлы түн аспанында?!
Мұқағали болу да міндет болмас,
Абай болу керек пе?
Үйретті алғаш...
Ей, құрбылар,


Қазақи қара өлеңге
«Жауқазын» гүл, балбұлақ жыр боп жалғас.
«Достары мен қастары мойындаған,
Бірақ исі қазаққа танылмаған
Таланттар бар, - десем мен, - бұл дәптерде»,
Сенер ме екен, сенбес пе елім маған?!
Сол ақынның түсінде тұлпарымен
Келген күні мен де әсем жыр жазып ем...
Бәлкім, тартып келе ме біздің керуен
Жинақтарға бергісіз жиһазымен
«Боздап жүрген бота-өлең», жырларымен?!. (Б.)
«Таныта алмай тұлғасын көпке тегі..», (Қ.Әл.)
«Боран соққан Арал да боп кетеді..» . (Ә.Қодаров)
«Дара шыңға айналып бара жатса..», (Н.М.)
«Қатыгез құстан» өзге жоқ бөтені... (М.Оспанов)
«Көңіл атты асқардан сусиды өлең..», (Н.М.)
«Сыпырып түнді жүрген» жыршың дер ем. (Б.Ж.)
«Өмір жүгін иыққа арқалаумен» (Ыб.Бекж.)
«Біреуі «Ар» сабағы жүрсін» деген. (Белз.Д.)
Бұл дәптерді тағы да оқыдым мен,
Жасын жырдың сөнбесін оты мүлдем.
Жинағы бұл жауқазын жас талаптың,
Жасық жырлы жинақтан беті күйген...
Жинақтар жоқ – қыс кетіп, жаз өткенмен,
Мен жүрмін «Бұл жігіттер жазад» деумен.
Мұқағали басына келген шығар,
Түстеріне сәйгүлік енген шығар –
Іздейінші жырларын газеттерден,
Іздейінші жырларын газеттерден...
07.04.1984 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу