Өлеңдер ✍️

  11.08.2022
  67


Автор: Балта Қосбармақ

Жетер енді...

Жетер енді,
Жел сөзді желпіді інің,
Жолаушы аға,
Барсың ба?!
Мен тірімін.
Атын былғап аман-сау жүрсің бе сен,
Қазақтың қасиетті кемпірінің?!
Қақталып аптабына сар даланың,
Өскен бір қара бала мен боламын.
Ақылды сөз иесі болмағасын,
Ағасы, оған мен сөз арнамадым.
Сыйлаумен ағаларды өтем ізгі,
Осылай үйреткен-ді әке бізді.
Ағалар асқақтығы арқасында
Арулап көме алмадық кәкемізді.
Үлгі етіп әкем байғұс отырар ед:
«Ол шалдың озық ойлы балдарының
Сөнбейтін көкірегінде оты бар» деп.
«Ағайын, Алаш үшін күйеді» деп,
«Болады жеткіншектің сүйеуі» деп.
Ағалар асқақтауда,
Таласар кім?!
Келмейді бостан-босқа аласарғым.
Күйігі кішірейтті аналарды
Арулап көмілмеген қара шалдың.
Жолдан ап бермегенді үйренбеген
Өзімнің әлсіздігім,
Кімнен көрем?!
Ағалар ел басқарған ұмытқан-ау –
Әкесі азаматтың күнде өлмеген.
«Бай аға қимағанда қара нарды,
Шер болып көкірегінде нала-қайғы;
Арқалап сорлы ананы көмген» деген
Аңыз боп ел аузында бала қалды.


Осы ғой әлсіз болсаң көретінің,
«Ащы, - деп сөге көрме, - неге тілің?».
Ағалар атқа мінген,
Ұмытпаңыз
Шалдарын сендерсіз де ел көметінін.
Қай күні құлпырады шаруашылық,
Жатады ат өліп, не арба сынып.
Қалың ел келе алмады көлік болмай,
Осы ғой бетке шіркеу, Арға сынық.
Кімдердің арқасында алшаңдар кім?!
«Аға» деп алдыңызға он сан бардым.
Кәкем де мал соңында тірлік кешкен,
Қара қой, ғұмыр бойы қарсы алған құм...
Ағажан,
Сіз басқарған өкіметке
Сіңді ғой маңдай тері сол шалдардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу