10.08.2022
  327


Қанатбек ПОШАТАЙҰЛЫ

ЖАН АЗАБЫ

 


Жан дауысы шығып жанымен арпалысып жатқан жас баланың анасы баласы үшін құрақ ұшып, денесі діріл қағып, бей-жай күй кешуде. Ақ кездік ұстаған оташы, баланың алақанынан аққан қанды іріңді сығып, оташылық ісіне өзі ризалық сезіммен пейіл танытады. Отағасы оташы келгенде ұлының жан қиналысын көріп тұруға дәті шыдамай, үй айналып шыдамсызданып, әр жерге бір отырып, бір тұрды. Ірің кеулеген оң қолдың терісі жарылғаннан кейін қолының сыздағаны басылып, неше күн ұйқы көрмеген бала толықсыған күйде ұйықтап кетті. Оташыны шығарып салғаны сол еді, өрімдей қыз бен ұзын бойлы әдемі жігіт сәлем беріп, кіріп келді. Ауру баласы үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған отағасының мынандай қуаныш үстіне келген қос өрімге шын ықыласпен таңдана қарады. Баланың пысылдай дем алып, тәтті ұйқыға берілгенін көріп, әке қуанышы қойнына сыймай отыр. Келген қонақтарға қарап: «Мына балам қолында бір дүмпу болып, алақанынан ісік шығып, қолтыққа дейін ісіп беймаза болғанына көп болып еді, бүгін бір оташы тауып, сәті түсіп, сол кісі ісік жараны жарып, дәрі-дәрмегін беріп, баланың ұйқыға кеткеніне қуанып отырған жайым бар».
– Кемпір қонаққа тамақ әкел, сонан соң әңгіме бола жатар, - деді аз ойланып барып. Елден алыс тау баурайында орналасқан мені іздеп келулеріңде бір сыр бар-ау, - деп ойын түйіндеді Бошатай. Жігіттің аққұба беті сұрланып барып, қайта нұрланғанынан оның ішіндегі ой арпалысын кім де болса байқар еді.
– Жиенеле, біз сіз деп келдік. Біз қашқынбыз. Үйіңізге паналауға келдік. Мен күркіреудегі Молданалының ортаншы баласы Бейшеналымын. Мынау менің

қалыңдығым, -дегенде: Отағасы атып тұрып, құшағын кең ашып:
– Не дейсің, не деп тұрсың? Мені де іздейтін азаматтар бар екен-ау? Уа бәйбіше! Қырғызстаннан келген нағашылар екен. Мыналарды танымай қап-ау, ә? Кешір айналайын, иә, кешір, деп абыр-сабыр болып жатқанда Қанымқыз апасы да қысылып ақырын жылап:
– Бейшеналымысың жаным-ау. Оқудан қашан келдің?- деп бәйек болып жатыр.
– Жылан тақырының алдында бар астығымызды тартып алып, өзімізді қаңғыртып жібергенде, сонда біздерге пана болған аруағынан айналайын Иманалы атамды қалай ұмытамын? Міне үй, міне жай құшағымыз ашық, -деп Қанымқыз апа көзін сүртті.
– Иә, ол кезде Бейшеналы жалаң бұт жүретін кішкене бала еді, енді міне азамат болыпты. Сөзді қой кемпір. Қонақ кәде жасайық. Әскердегі балаңа атаған ақ қошқарды сояйық, бұлар да балаң,- деп қария орнынан көтерілді. Бошатай ата мен Қанымқыз апа сол күні өте көңілді болды. Бұл жоғарыдағы жайлардан Қанат бейхабар. Жаны жай тапқан соң ұйқыны ұрып жатыр. Кенет, оң қолының шымырлағанынан ояна алмай әрі- сәрі күйге түскендей болды. Ауырған саусақтарын жайлап қысып жатқанын сезіп, көзін ашқанда... О, тоба! Өмірінде көрмеген жан көз алдында тұрды. Сұлулық не екенін түсінбейтін балаға толған айдай аппақ бет, сүмбідей сұлу мұрын, қолаң шаш, қиғаш қасты, қызыл ерінді келіншектің қайдан келгенін білмей, таңданып жан-жағына тосырқай қарады. Қанаттың мұндай сұлуды көргені осы. Бейшеналы отағасына көмектесіп сыртта жүрген. Гүлшын болса қасында қалған.
– Ұйқың қанды ма? – деп сұрады келіншек.
– Атам қайда? Сіз кімсіз? Дәрігерсіз бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу